Биыл 13 мың шақырым жол жөнделіп, жаңа жобалар іске асып жатыр - Үкімет

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл елімізде 13 мың шақырым автожол құрылыс-жөндеу жұмыстарымен қамтылды. Бұл туралы Премьер-Министр Олжас Бектенов AMANAT партиясы фракциясының кеңейтілген отырысында айтты, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

Қостанай облысында 80 жыл бұрын салынған жол жөнделді
Фото: ҚазАвтоЖол

«Негізгі бағыттардың ішінде «Қалбатау–Майқапшағай», «Қызылорда–Жезқазған», «Ұзынағаш–Отар» және басқа да бірқатар стратегиялық маңызды бағыттар бар. Сонымен қатар жалпы ұзындығы 1,9 мың шақырым болатын жаңа жобаларды іске асыру жұмыстары жүргізілуде. Олардың ішінде «Орталық–Батыс», «Ақтөбе–Ұлғайсын», «Қарағанды–Жезқазған», «Атырау–Доссор» жобалары, сондай-ақ Сарыағаш, Қызылорда, Рудный және Петропавл қалаларының айналма жолдары бар», – деді Үкімет басшысы.

Премьер-Министрдің айтуынша, темір жол саласында да ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр. «Достық–Мойынты» учаскесінде екінші жолдардың құрылысы аяқталды. Жыл соңына дейін іске қосылатын бұл жоба бағыттың өткізу қабілетін 5 есе, контейнерлік пойыздардың жылдамдығын 2 есе арттырады.

Алматының айналма жолында үстіңгі қабат төселуде, жұмыстар биыл жыл соңына дейін аяқталмақ. «Дарбаза–Мақтаарал» желісінің құрылысы штаттық режимде жүргізілуде және 2026 жылдың желтоқсанында аяқталады.

Сонымен қатар Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша теңіз инфрақұрылымын дамыту белсенді жүріп жатыр. Ақтау портында теңіз түбін тереңдету жұмыстары басталды. Құрық портында «Саржа» көпфункционалды терминалының құрылысы аясында негізгі (құрғақ) жүк, астық, мұнай және әмбебап терминалдар салынуда.

Олжас Бектенов авиация саласында да бірқатар жұмыстар жүргізілгенін атап өтті. Өткен жылы еліміздің 10 әуежайында құрылыс және жөндеу жұмыстары аяқталды. Жеке инвестициялар есебінен Алматы, Шымкент және Қызылордада жаңа жолаушылар терминалдары салынды. Бұл олардың өткізу қабілетін 6,5 есеге арттырды.

Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Зайсан, Кендірлі және Қатонқарағай курорттық аймақтарында үш жаңа әуежайдың құрылысы басталды. Сонымен қатар Арқалық қаласындағы әуежай қалпына келтірілуде.

Айта кетейік, Қазақстандағы ең ұзын көшені жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын.

Соңғы жаңалықтар