11:20, 01 Қараша 2024 | GMT +5
Биыл 19 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелді
АСТАНА. KAZINFORM – Биылғы 9 айда елімізде жол апатынан 1,7 мың адам мерт болды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті.
«2024 жылдың 9 айында елімізде 19 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 1,7 мыңнан астам адам қаза тапты, 25 мыңға жуық адам түрлі дене жарақатын алды», - делінген ІІМ баспасөз қызметінің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Ведомство мәліметіне қарағанда, елімізде жол-көлік оқиғаларының көбі Алматы, Астана қалаларында, сондай-ақ Алматы, Жамбыл облыстарында тіркелген.
Бұған дейін осы жылдың 7 айында мопедтерге қатысты 700-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркелгенін жазған едік.
Айта кетейік, желтоқсан айынан бастап көліктердің орташа жылдамдығы есепке алынады.