Ақмола облысында рекордтық көлемде астық жиналды
АСТАНА. KAZINFORM — Осы маусымда егін жинау алқабы 300 мың гектарға өсіп, 5,5 миллион гектар болды.
— Диқандардың еңбегінің арқасында дәнді дақылдардың рекордтық өнімі жиналды. Орташа өнімділік гектарынан 16,3 центнерді құрап 7,6 миллион тонна астық жиналды. Жиналған астықтың 70 пайызы жоғары сапалы өнім. Біздің жетістігіміз ішкі нарықпен шектелмейді. Ақмола астығы жоғары сапалы өнім ретінде жаңа халықаралық нарықты бағындырып жатыр. Жыл басынан бері алыс және жақын шетелдерге 3,5 миллион тоннадан астам астық экспортталды, — деді Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов орталық коммуникациялар қызметі алаңында өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті туралы есеп бере тұрып.
Бүгінде Ақмола астығы Қытай, Иран, Италия, Бельгия, Швеция, Латвия, Өзбекстан, Тәжікстан, Әзербайжан тағы басқа елдерге экспортталып жатыр.
— Эстонияның Муга Грэйн Терминалымен меморандумға қол қою нәтижесінде жалпы 209 мың тонна астықты Италияға, Бельгияға және Эстонияға экспорттауға мүмкіндік туды. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында соңғы екі жылда жоғары рентабельді майлы дақылдар егісінің аумағы 2,5 есе ұлғайып, алғаш рет 500 мың гектарды құрады. Нәтижесінде, 600 мың тоннаға жуық майлы дақылдар жиналды, қосымша 100 млрд теңге ауыл шаруашылығы өнімін өндіруге мүмкіндік берді. Мұндай өсімге мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан үлкен қолдаудың арқасында қол жеткіздік. Биыл агроөнеркәсіп кешені саласына 250 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді. Осылайша минералды тыңайтқыштарды енгізу көлемі үш есе артты. Ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту мақсатында құны 62 млрд теңге болатын жаңадан 1 600 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы жеңілдетілген лизингпен сатып алынды, — деп толықтырды өңір басшысы.
Одан әрі облыс әкімі өңірде мал шаруашылығының саласының даму қарқынына тоқталды.
— Мал шаруашылығы саласында да тұрақты оң динамика байқалады. Жалпы ауыл шаруашылығы жануарларының саны (5%-ға) мен мал өнімдері өндірісінің көлемі артты (3%-ға). Биыл 168,5 мың тонна ет6 205 мың тонна сүт, 574 миллион дана жұмыртқа өндірілді. Сондай-ақ, сүт, сүт өнімдері фермаларын құру және кеңейту бойынша жұмыстар жалғасып жатыр, 5 400 мал бас бар бес ірі ферма іске қосылды. Жыл соңына дейін тағы 1 200 малы бар екі сүт фермасы іске қосылады. Қазір 12 400 басқа арналған 8 сүт фермасын іске асыру жұмысы жүргізіліп жатыр. Елорданың азық-түлік белдеуін қамтамасыз ету бойынша жұмысы жалғасады. Облысымыздың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері 86 инвестициялық жобаны (963 млрд. теңге) іске асыру арқылы Астана тұрғындарын азық-түлікпен қамту көлемін арттырады, — дейді Марат Ахметжанов.
Айта кетейік, Ақмола облысында астықты терең өңдейтін алғашқы зауыт құрылысы басталды.