Биыл ақмолалық шаруалар 6,6 млн тонна рекордтық астық жинады
АСТАНА. KAZINFORM – Ақмола облысы биыл ауыл шаруашылығы өнімінен 1 триллион теңгеден астам пайда тапты, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есе артық. Бұл туралы Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов мәлім етті.

- Биыл біздің облыс астық жинауда айтарлықтай нәтижеге қол жеткізіп, елдің негізгі астық алқабы деген мәртебесін дәлелдеді. Біздің мақсат – ауыл шаруашылығы саласын өңір экономикасының басты драйверіне айналдыру. Биыл ауыл шаруашылығы өнімінен 1 триллион теңгеден астам кіріс түсті, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есе артық. Өңір диқандары 6,6 млн тонна рекордтық астық жинады. Әр гектардан 14 центнерден астам астық жиналды. Астықтың 60 пайыздан астамы тауарлық сапасы жоғары бидай. Әрине, бұл ең бастысы дихандардың қажырлы еңбектері, мемлекеттік қолдау мен заманауи технологияларды тиімді әрі уақтылы қолдану нәтижесі -, деді Марат Ахметжанов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Әкім ұсынған мәліметке сүйенсек, өңірде биыл 1 239 жаңа техника сатып алынды, оның ішінде 334 техника жеңілдетілген лизинг бағдарламасы бойынша алынды.
Одан әрі облыс әкімі Ақмола облысының елорданы азық-түлікпен қамтудағы рөліне тоқталды.
- Елорда тұрғындарының сүт өнімінің 50 пайыздан астамын, ет өнімінің 30 пайызын, жұмыртқаның 80 пайызын, картоптың 85 пайызын қамтып отырмыз. Нақты айтқанда, астана тұрғындарына күн сайын 80 тонна ет өнімдері, 320 тонна сүт ассортименті, 700 мың жұмыртқа және 25 тонна ұн жеткізіледі. Астананы азық-түлікпен қамтуға зор үлес қосатын бірқатар кәсіпорын бар. Алдағы уақытта олардың саны арта түседі, - дейді М. Ахметжанов.