Биыл Ақтөбе облысының экономикасына 892 млрд теңге инвестиция салынды

АСТАНА. KAZINFORM – Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында өңірдің инвестициялық даму көрсеткіштері туралы баяндады.

инвестиция лойиҳалари
Фото: freepik

Әкімнің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, шетелдік капитал тарту және инвестициялық тартымдылықты арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр.

- Жыл басынан бері Ақтөбе облысының экономикасына 892 млрд теңге инвестиция салынып, өсім 129%-ды құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 217 млрд теңгеге артық (2024 жылдың 10 айы – 674,4 млрд теңге). Өңірде жыл басынан бері жалпы құны 110 млрд теңгеден асатын 8 жоба іске қосылған. Солардың бірі – ERG компаниясы жүзеге асырған, қуаты 150 мегаватт болатын жел электр станциясы, - деді Асхат Шахаров.

Сонымен қатар Қазақстанда алғаш рет «KazFeltec» компаниясының бастамасымен қой жүнін терең өңдеп, құрылыс материалдарын шығаратын жаңа өндіріс іске қосылды.

- Жобаның инвестиция көлемі – 5,3 млрд теңге, жылдық қуаты – 2,1 мың тонна өнім, - деді ол.

Сондай-ақ ол өз сөзінде жыл соңына дейін жалпы құны 350 млрд теңге болатын 4 жобаны пайдалануға беру жоспарланып отырғанын айтты. Алдағы жылдары карбамид, битум, цемент өндіретін зауыттар және өзге де ірі жобаларды іске асыру көзделген.

- Инвесторларға қолайлы жағдай жасау үшін Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежай маңында жалпы ауданы 858 гектар болатын «Ақтөбе» арнайы экономикалық аймағы, сондай-ақ Хромтау қаласында аумағы 150 гектар болатын республикалық маңызы бар «Хромтау» индустриялық аймағы құрылды, - деп түйіндеді әкім.

Бұған дейін Ақмола облысына 660 млрд теңгеден астам инвестиция тартылғанын жазғанбыз.

 

Соңғы жаңалықтар