Биыл әскери қызметшілердің 7,7 млрд теңге несиесі кейінге шегерілген

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл 36 мыңнан астам әскери қызметші несие төлемін кейінге қалдыру мүмкіндігін пайдаланған. Сонымен қатар қарызы өндіріп алу кезеңіне өтіп кеткен азаматтарға қатысты да қорғаныс шаралары қарастырылған.

с
Коллаж: Kazinform

– 2026 жылғы мамырдағы жағдай бойынша 36,5 мың әскери қызметші жалпы көлемі 7,7 млрд теңге несие төлемдерін кейінге қалдыру мүмкіндігін пайдаланды. Сонымен қатар несиесі өндіріп алу кезеңіне өткен азаматтарға да қосымша қорғаныс шаралары қарастырылған. Яғни азамат әскерге шақырылғанға дейін қарыз мәселесі күрделі болған жағдайда да, әскери қызмет өткеру кезеңінде қарыз бойынша өндіріп алу шаралары уақытша тоқтатылады, - дейді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ресми жауабында.

Ал биыл 43 мыңнан астам азаматты мерзімді әскери қызметке шақыру жоспарланған. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігі Бас штабы Ұйымдастыру-жұмылдыру департаментінің бағыт аға офицері, подполковник Альберт Бекмұханов Kazinform тілшісіне берген сұхбатында айтты. Оның сөзінше, көктемгі науқанда 20 мыңнан астам азамат әскерке шақырылады.

Подполковниктің айтуынша, мерзімді әскери қызметтің беделі мен тартымдылығын арттыру мақсатында «Әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңға және «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» заңға өзгерістер енгізілген. Соның нәтижесінде әскерге шақырылған азаматтарға кредиттік каникул автоматты түрде рәсімделеді.

о
Фото: Kazinform

– 2025 жылы 32 мың әскери қызметшіге 8,5 млрд теңге көлеміндегі несие төлемінің мерзімі ұзартылды. «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» заңның 34-бабына сәйкес, мерзімді әскери қызметке шақырылған азаматтардың әскери қызметте жүрген уақытында ақшалай немесе материалдық несиелері тоқтатылып отырады. Әскери қызметке шақырылған азаматтар төлем уақытының өтіп кетуіне немесе өсімпұлдардың өсуіне алаңдамайды. Бұл екінші деңгейлі банктердің пайдасын уақытша тоқтатады. Соған қарамастан мұндай шаралар азаматтарға мүмкіндік беруге бағытталған, - деді Альберт Бекмұханов.

Бұрын Қорғаныс министрлігі мен қаржы ұйымдарының арасында меморандум болған еді. Ол кезде жергілікті әскери басқару органдары немесе шақыру комиссиялары банктерге арнайы тізім жолдап отыратын. Қазір заңға енгізілген өзгерістерден кейін бұл процесс толық автоматтандырылған.

– Жергілікті әскери басқару органдары әскери қызметке шақырылатын азаматтарды «Интегралды шлюз» жүйесіне енгізеді. Ақпарат енгізілген сәтте ол екінші деңгейлі банктер мен басқа да коммерциялық ұйымдарға бірден түседі. Осы арқылы кредиттік каникул автоматты түрде 14 айға кейінге қалдырылады. Сондықтан ата-аналарға ешқайда барып, өтініш жазудың қажеті жоқ, - деді спикер.

Сонымен қатар Қорғаныс министрлігі әскери қызметін өтеп жүрген азаматтарға жаңа несие рәсімдеуге де шектеу енгізген. 

– «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» заңға мерзімді әскери қызметін өтеп жүрген азаматтарға несие беруге тыйым салу туралы өзгерістер енгізілді. Яғни әскери қызметтегі азаматтарға кредиттік каникул берумен қатар, қызмет өтіп жүрген уақытта жаңа несие алуға да тыйым салынады. Бұл өзгерістер 2025 жылғы 16 шілдеде енгізіліп, 16 қыркүйектен бастап күшіне енді, — деді Альберт Бекмұханов.

Кредиттік каникулдың қалай жұмыс істейтінін мерзімді әскери қызметші Арнұр Бекбаев та айтып берді. 54380 әскери бөлімінің сарбазы Kazinform тілшісіне берген сұхбатында әскерге аттанар алдында 1 миллион теңгеден астам несиесі болғанын жеткізді.

л
Фото: Kazinform

– Мен әскерге Талдықорған қаласынан шақырылдым. Әскерге өз еркіммен, борышымды өтеуге аттандым. Әскерге кетпес бұрын 1 миллион теңгеден астам несием болды. Оны ата-анама үй құрылысына көмектесу үшін алған едім. Әскерге кетсем, оны қалай төлеймін деп уайымдадым. Бірақ әскери басқару органдарының көмектері бар екен. Олар мерзімді әскери қызметке аттанған азаматтың несиесін 14 айға шегереді екен. Бастапқыда бұған сенбедім. Бірақ әскери бөлімге келген соң менен толық мәліметтерімді алып, телефоныма несиемнің тоқтағаны туралы хабарлама келгенде, үстімнен ауыр жүк түскендей қуандым. Қазір әскери қызметімнің 6 айын өткердім. Тағы 8 айдан кейін несиемді төлеуді қайта жалғастырамын, - деді сарбаз.

Айта кетейік, Атырауда 400-ден астам азамат әскери қызметтен жалтарып жүр.