Биыл Астанаға 1,7 млн турист келеді деген болжам бар

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның елордасы туристік әлеуетін арттыра отырып, өңірдегі ірі мәдени орталықтардың біріне айналады. Астана қаласының туризмді дамыту орталығының басшысы Артём Квашук осылай мәлімдеп отыр.

Түркістанға «Жібек жолы» халықаралық пойыз бағытымен 300 турист келді
Фото: Түркістан облысы әкімдігі

- Халықаралық әртістердің, ұйымдастырушылар мен туристердің Астанаға деген қызығушылығын байқап отырмыз. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Астана 1,5 млн-нан астам туристі қабылдады, оның 340 мыңы шетелдік қонақ. Биыл бұл көрсеткіш одан да жоғары болады деп күтіп отырмыз, яғни шамамен 1,7 млн адам. Айта кетсек, биыл бірінші тоқсанда қаланы 300 мыңнан астам адам аралады, оның ішінде 68 мыңы шетелдік турист, – деді Артём Квашук орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, елорда тек саяси және іскерлік іс-шаралар ғана емес, ауқымды мәдени оқиғалар алаңына айналды.

- Айтар болсақ, Backstreet Boys тобының концерті сияқты ауқымды іс-шара төлем қабілеті жоғары туристерді тартады. Сонымен қатар қала экономикасын ынталандырып, халықаралық аренадағы беделін арттырады», – дейді ол.

Сондай-ақ туристік орталық басшысы елорда инфрақұрылымы туристерді қабылдауға дайын екенін айтып отыр.

- Қала инфрақұрылымы жақсы дамыған және қонақтарды қабылдауға толық дайын. Астанада 299 қонақүй жұмыс істеп тұр, оның 9-ы бес жұлдызды, сондай-ақ 3–4 жұлдызды 100-ге жуық қонақүй бар, – деп толықтырды спикер.

Одан бөлек, елордада өтетін іскерлік іс-шара саны артқан.

- Жыл сайын Астана қаласының оқиғалар қаласы ретіндегі мәртебесі нығайып келеді. Мысалы, былтыр 128 іс-шара өтсе, биыл 201 іс-шара жоспарланып отыр, – деді А. Квашук.

Астана қаласына отандық және шетелдік туристерді тартуға қатысты маңызды іс-шараға тоқталсақ, Backstreet Boys тобының концертіне билет 14 шілдеде сатылымға шығады. Концерт Алматы және Астана қаласында өтеді.

Сондай-ақ биыл 1 тамызда әлемге танымал поп-жұлдыз Дженнифер Лопес Астанада концерт береді.

 

Соңғы жаңалықтар