Биыл Атырауда маса улау жұмысына алғаш рет дрон пайдаланылмақ
АТЫРАУ. KAZINFORM — Биыл Атырау қаласында маса улау жұмыстарына дрон тартылмақ. Мұндай талапты қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі дезинсекция жұмысын тапсыратын екі мердігер мекемеге қойып отыр.
Мамандар жаяу барып өңдеуі қиын учаскелерді енді ұшу аппараты арқылы улайды.
Жайық өзенінің екі жағалауын улау жұмысы бойынша бөлек-бөлек тендер жарияланады. Бұл үшін қазынадан 200 млн теңге қаржы қаралған. Жуықта мемлекеттік сатып алу порталына конкурс жарияланады, жеңімпаз аяқталғаннан кейін көп ұзамай жұмыс басталады.
— 2025 жылы жаңа форматта маса улау жұмысын жүргіздік. Атап айтқанда, қала аумағын екіге бөлу жақсы нәтижесін берді. Мердігер мекемелердің улау жұмысын атқаруға арнайы техникалары, бірнеше мобильдік бригада және демалыс күндері немесе түнгі уақытта дезинсекция жүргізуі керек. Масаға қарсы қолданылатын препараттар адам өміріне қауіпсіз болуы шарт. Қолданылған дәріні заңнамаға сәйкес жоюға тиісті, — деді бөлімнің бас маманы Эльдар Қариполлаев.
Ашық су қоймалары кестеге сай уланып отырады. Олардың ішінде Жайық өзенінің жағалауы, Ерік-Мостовой каналы, булану алаңдары бар.
Айта кетейік, Атырау қаласына қарасты 6 ауылдық округтің әрқайсысы тендер жариялап, өз аумақтарына дезинсекция жүргізуі керек.
Осыған дейін Атырауда 600 мың гектарға жуық жер мемлекет меншігіне қайтарылғанын жазған едік.