Биыл «Бәйтерек» холдингі арқылы ШОБ-ты қолдау көлемі шамамен екі трлн теңгеге жетті

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлығының лауреаттарын марапаттау рәсімінде «Даму» қоры жанынан шағын және орта бизнеске, сондай-ақ ірі инвестициялық жобаларға арналған екі кепілдік қоры құрылғанын еске салды.

«Бәйтерек» Холдингі жаңа макроэкономикалық тұрақтандыру бағдарламасын іске асыруда негізгі рөлге ие болмақ
Фото: ҰЭМ

Президент бизнесті мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыру маңызды екенін баса айтты.

— Экспорт нарығында бәсекеге түсе алатын, отандық шикізатты пайдаланатын, сондай-ақ озық технологиялар мен инновациялар трансферімен айналысатын кәсіпорындарға басымдық берілуге тиіс. Биыл «Бәйтерек» холдингі арқылы шағын және орта бизнесті қолдау көлемі шамамен екі триллион теңгеге жетті. Тікелей субсидиялаудан гөрі кепілдік беру құралдарына көштік. Осы мақсатта менің тапсырмаммен «Даму» қоры жанынан шағын және орта бизнеске, сондай-ақ ірі инвестициялық жобаларға арналған екі кепілдік қоры құрылды. Аталған бағыт аясында 2229 жобаға жалпы сомасы 400 миллиард теңгеден астам кредит берілді. Оның ішінде 220 миллиард теңгеден астамы мемлекеттік кепілдікпен қамтамасыз етілді, — деді Тоқаев.

Бұдан бұрын Президент Тоқаев шикізаттық емес экспорт көлемі 2 есеге жуық ұлғайғанын айтты.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы инфляцияны тұрақтандыруды Үкіметтің өзекті міндеті ретінде атады.

Тоқаев еліміздің ішкі жалпы өнімі алғаш рет 300 миллиард доллардан асатынын алға тартты.

 

Соңғы жаңалықтар