Биыл елімізде жол жөндеу көлемі бойынша рекорд орнатылады

Жол жөндеу
Фото: Александр Павский / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Бұл туралы БАҚ өкілдеріне арналған брифинг барысында ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев мәлімдеді. 

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биыл Кеңес заманынан бері жөндеу көрмеген жолдар ретке келтірілмек.

– Биыл «Астана-Балқаш-Алматы», «Талдықорған-Өскемен», «Ақтөбе-Қандыағаш» және «Атырау-Астрахань» бағыттары бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды аяқтау қажет. Жолдардың жалпы ұзындығы 2 мың шақырымды құрайды, - деді министр.

Айта кетерлігі, биыл Президенттің тапсырмасы шеңберінде елімізде 12 мың шақырым автожол құрылыс-жөндеу жұмыстарымен қамтылып, рекордтық көрсеткіш тіркелмек.

«Бүгінде орташа жөндеу жұмыстарымен 20 жылдан астам жөнделмеген жолдар қамтылып отыр. Мәселен, 4 облысты басып өтетін «Жезқазған – Петропавл» автожолында құрылыс-жөндеу жұмыстары жалғасады. Ақтөбе облысында «Қандыағаш-Ембі-Шалқар-Ыргыз» жолын, ал Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында Өскемен мен Семей арасындағы автожолды жөндеуді жоспарлап отырмыз», - деп атап өтті ведомство басшысы. 

Қойылған міндеттерді орындау мақсатында мердігер ұйымдар жол-құрылыс материалдарын дайындап және құрылыс-монтаж жұмыстарын толық көлемде жүргізіп жатыр. Автожол жобаларын уақтылы аяқтау үшін барлық қажетті шара қолға алынған. 

Соңғы жаңалықтар