Биыл қанша қазақстандық жұмыс орнында зардап шекті

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің мәліметіне сүйенсек, көбіне тау-кен металлургия саласында еңбек ететін жандар жарақат алады. Олардың үлесі 17,4%, содан соң құрылыс саласы – 10,3%, одан кейін мұнай-газ саласы – 5,6%.

Жұмысшы мамандықтар жылы: колледж бағдарламалары жаңарып жатыр
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің төрағасы Мейрамбек Ахметов мәлім етті.

- Биыл 10 айдың қорытындысы бойынша кәсіпорындарда 1 029 адам зардап шекті. Бұл көрсеткіш 2024 жылдың 10 айымен салыстырғанда 4,5% аз (былтыр 1 078 адам жарақат алған). Оның ішінде 145 адам қаза тапты, бұл өткен жылмен салыстырғанда 6,5% төмен (2024 жылы 155 адам). Жұмыс орнында жарақат алу деңгейі жоғары өңірлер қатарында Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Павлодар, Қостанай облыстары және Алматы қаласы бар, - деді Мейрамбек Ахметов орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің мәліметіне сүйенсек, көбіне тау-кен металлургия саласында еңбек ететіндер жарақат алады, олардың үлесі 17,4%, содан соң құрылыс саласы – 10,3% және мұнай-газ саласы – 5,6%.

- Жұмысшылардың әлеуметтік тұрғыдан қорғалуын арттыру мақсатында өндірістегі жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру жүйесінің қамту аясын кеңейту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бүгінде 112 354 кәсіпорын өз қызметкерлерімен сақтандыру шарттарын жасасқан, бұл еліміздегі жалпы заңды тұлғалардың 64,7 пайызы. Құрылыс және тау-кен өндіру саласында кәсіби тәуекелдер жоғары кәсіпорындарға ерекше бақылау орнатылған. Жарты жылда бір рет профилактикалық бақылаудан өтетін кәсіпорындардың тізімі автоматты түрде қалыптасады. Бұл жүйелі заң бұзушылықтарды нысаналы түрде жоюға мүмкіндік береді. Биыл екінші жартыжылдықта 314 кәсіпорын тізімге енгізіліп, оның 138-і тексеруден өтті, - дейді Еңбек министрлігінің өкілі.

Айта кетсек, жыл басынан бері еңбек қауіпсіздігін сақтамаған жұмыс берушілерге 428 млн теңгеден астам айыппұл салынды.

Сондай-ақ брифинг барысында жұмысшылар алдында жалақы қарызы көп өңірлер аталды. 

Соңғы жаңалықтар