Биыл қант зауыттары 850 мың тонна қызылша қабылдайды
АСТАНА. KAZINFORM – Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов қант қызылшасын өсіріп отырған диқандардың жағдайына алаңдаушылық білдірді.
- Былтыр қант қызылшасы бойынша проблема болған еді. Биыл қалай болып жатыр, - деп сұрады Премьер-министр.
Айдарбек Сапаров Үкімет басшысын биыл ондай проблема болмайтынына сендірді.
- Былтыр шынымен де 25 мың гектар алқаптан 1 млн 300 тонна көлемінде рекордтық өнім алғанбыз. Сіздің тапсырмаңыздан кейін біз алқапты әртараптандырып, 25 мың гектардан 19 мың гектарға дейін қысқарттық. Былтыр 1,3 млн тонна алсақ, биыл болжам бойынша 850 мың тонна аламыз деп отырмыз. Бүгін соның 43 пайызы жинап алынды. Осы жиналған 363 мың тоннаның 277 мың тоннасы зауыттарға өткізілді. Биыл жалпы Меркідегі зауытқа 300 мың тонна, Ақсуға 300 мың тонна, Көксуға 250 мың тонна өткізіледі. Үш зауыт та істеп тұр. Керек көмектің бәрін беріп жатырмыз, - деді министр.
Айта кетейік, Қазақстан биыл 16 млн гектар алқаптан 27,1 млн тонна астық алды.