Биыл Қарағанды облысында 50 мыңнан аса тұрғын жұмыспен қамтылмақ

Қарағанды
Фото: Қарағанды облысының әкімдігі

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Қарағанды облысында биыл 51 мың тұрғынды жұмысқа орналастыру жоспарланып отыр. 5 айда жұмыспен қамту шараларымен 14 мың адам немесе 28% қамтылды. Оның ішінде 12 мыңы жұмысқа орналастырылды, деп хабарлады облыс әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекова.

Тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз ету үшін әртүрлі құралдар қолданылады. Олардың қатарында ұлттық жобалар, «Ұрпақтар келісімшарты», «Күміс жас», «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны» жұмысқа орналастыру бағдарламалары қарастырылған, сондай-ақ өз ісін ашу кезінде азаматтарға қолдау көрсетіледі.

«1200-ден астам қарағандылық „Бастау Бизнес“ жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытылды. Екінші жартыжылдықта жастар кәсіпкерлігін дамыту үшін 2,5%-бен 339 жеңілдікті несие беру жоспарланған», — делінген хабарламада.

Қазірдің өзінде халықтың әлеуметтік осал топтарына жатқызылған қарағандылықтар 33 грант алды. Мемлекеттің қолдауының арқасында облыстың әртүрлі қалалары мен аудандарында наубайхана, спорт клубы, жылыжай, терезелерге тор жасау цехы, ұлттық киім өндірісі және т. б. ашылды.

Облыста мүгедектігі бар және оларға қамқорлық жасайтын адамдарға арналған үш жылдық жаңа жоба іске қосылды. «Террикон алқабы» ІТ-хаб базасында 300-ден астам адам жаңа цифрлық мамандықты иегере алады. Оқыту тегін.

Сондай-ақ, аймақта бос орындар жәрмеңкелері үнемі өткізіліп тұрады. Одан да көбірек халықты қамту үшін бұл жәрмеңкелер адамдар көп жиналатын жерлерде жүзеге асырылады.

Тұрақты негізде Мансаптық орталықтар бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарды жұмысқа орналастыру бойынша жұмыс жүргізеді.

Бұл ретте әлі де үйді-үйіне барып, аралау жүргізіледі. Жұмыссыз және NEET-жастарды есепке алуға және оларды жұмыспен қамту шараларына жұмылдыруға мүмкіндік береді.

— Жалпы жүргізіліп жатқан шаралар жұмыссыздық деңгейін 4,2% деңгейінде сақтауға мүмкіндік берді, бұл республикалық көрсеткіштен 0,5 пайыздық тармаққа төмен, — деп түйіндеді спикер.

Қарағанды облысының басшысы Ермағанбет Бөлекпаев аудан әкімдері мен жоба әкімшілеріне жұмыс орындарын құруды және жұмыссыздарды жұмысқа орналастыруды бақылауды тапсырды.

— Қазір жастар үшін жұмысқа орналасуға барлық жағдай жасалған. Көптеген бағдарламалар бар, оларды белсенді пайдалану керек. Биыл колледждер мен жоғары оқу орындарын 20 мыңнан астам студент бітіреді. Оларды жұмыспен қамту шараларымен белсенді қамтып, мемлекеттік қолдаудың барлық шараларын ұсыну қажет, — деп атап өтті өңір әкімі.

Соңғы жаңалықтар
telegram