Биыл Қазақстан-Сербия дипломатиялық қатынасына 30 жыл толады
АСТАНА. KAZINFORM — Қос мемлекет 30 жылда өзара сенім мен түсіністіктің берік іргетасын қалады. Бұл жөнінде Сербия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Владимир Йовичич мәлімдеді.
Алғашқы Қазақстан-Сербия Іскерлік кеңесі және Қазақстан-Сербия Бизнес форумында сөз алған Владимир Йовичич жыл соңында Қазақстан-Сербия дипломатиялық қатынастарына 30 жыл толатынын атап өтті.
Оның сөзінше, Сербия Қазақстанды Орта Азиядағы, ал Қазақстан Сербияны оңтүстік-шығыс Еуропадағы басты серіктесі деп есептейді. Қос мемлекеттің саяси тұрғыда ешқандай келіспеушілігі жоқ.
Владимир Йовичич енді достық байланысты инвестиция және бизнес салаларында тереңдету керек деген пікірде.
— Машина жасау, өндіріс, энергия тәрізді салаларда қазірдің өзінде бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Бірақ мұнымен шектелмеуіміз қажет. IT, жасанды интеллект, цифрландыру, логистика, транспортация, фармацевтикада да жемісті әріптестік орнатқанымыз жөн, — деді ол.
Сонымен қатар, дипломат қос ел де географиялық жағынан өте тиімді орналасқанына тоқталды. Дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығында тек жеткен жетістіктерді ғана атап өтпей, келешекке үлкен жоспарлар құруға үндеді.
Айта кетейік, бұған дейін серб инвесторларына Қазақстандағы басым салалар ұсынылғанын жазғанбыз.