Биыл Қазақстанда 1,7 трлн теңгеге 200 жаңа өндіріс іске қосылады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда жыл басынан бері жалпы құны 252 млрд теңгені құрайтын 74 өндірістік жоба іске қосылып, 4,3 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылды. Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді. Сонымен қатар биыл тағы 200 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. 

Биыл Қазақстанда 1,7 трлн теңгеге 200 жаңа өндіріс іске қосылады
Фото: Үкімет

Министрдің айтуынша, елдегі өңдеу өнеркәсібі 9% өсті. Аталған өсім жаңа іске қосылған өндірістер есебінен мүмкін болып отыр.

— Былтыр 190 жоба пайдалануға беріліп, соның нәтижесінде өндіріс көлемі ұлғайып, жаңа жұмыс орындары ашылды. Биыл жалпы құны 1,7 трлн теңге болатын 200 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланды, — деді Ерсайын Нағаспаев.

Бүгінгі таңда жалпы құны 252 миллиард теңге болатын 74 жоба пайдалануға беріліп, 4,3 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылды.

Өңдеу өнеркәсібін тұрақты дамыту мақсатында салалық нормативтік-құқықтық құжаттар қабылданып жатыр. 24 маусымда Машина жасау саласын дамыту мәселелері жөніндегі Заңға қол қойылып, оның аясында бірнеше маңызды шаралар енгізілді.

— Атап айтқанда, мемлекет қолдау көрсететін өнеркәсіп кластерлері құрылады. Бұл ірі кәсіпорындар мен еліміздің барлық өңіріндегі шағын және орта бизнестің өндірістік кооперациясын дамытуға мүмкіндік береді. Көлік құралдарының бөлшектерін өнеркәсіп құрастыру келісімі жасалғанда қазақстандық тауарларды пайдалану міндеті қарастырылды. Өндіріс қуаттарының теңгерімін бағалау жүйесі енгізіледі. Бұл мемлекеттік қолдау шараларын ішкі нарықтың сұранысына сай тиімді жоспарлауға мүмкіндік береді, — деп толықтырды министр.

Сонымен бірге, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес арнайы экономикалық аймақтардың жаңа моделі әзірленді. Жаңа модель инвесторларға қызмет көрсетудің «бір терезе» қағидатын енгізуді көздейді.

— Бұдан бөлек, жеке операторларды тарту және инфрақұрылымды дамыту жоспарланған. Оның ішінде дайын өндірістік ғимараттар салынады. Бұл жаңа өндірістерді іске қосу мерзімін қысқартып, арнайы экономикалық аймақтардың инвестициялық тартымдылығын арттырады. Жалпы алғанда, қабылданған заңнамалық өзгерістер өңдеу өнеркәсібінің тұрақты дамуына оң әсер етеді, — деді Ерсайын Нағаспаев.

Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында алдағы екі жылда 200-ден астам жаңа өндіріс орны ашылатынын айтқан еді.