Биыл Қазақстанда 400-ге жуық велосипед ұрланған

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда веломаусымның басталуына байланысты полиция велосипед иелерін қауіпсіздік шараларын сақтауға және көліктерін қараусыз қалдырмауға шақырды.

ф
Фото: ІІМ

Polisia.kz мәліметінше, жыл басынан бері елімізде шамамен 400 велосипед ұрлығы тіркелген. Оның жартысынан астамы табылып, заңды иелеріне қайтарылған.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, ұрлықтардың басым бөлігі түнгі уақытта көпқабатты үйлердің кіреберістерінде, баспалдақ алаңдарында және тұрғын үйлердің аулаларында жасалады.

– Полицейлердің айтуынша, велосипед иелерінің өзі қылмысқа қолайлы жағдай жасап, мүліктерін қараусыз қалдырады немесе сенімсіз құлыптарды қолданады, – деп хабарлайды ІІМ.

Осыған байланысты полиция азаматтарға қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды ұсынады. Атап айтқанда, ғимаратқа кірген жағдайда велосипедті ішке алып кіру немесе рамасы мен артқы доңғалағын бір мезетте құлыптау қажет. Мамандар болаттан жасалған шынжырлы құлыптарды немесе U-lock үлгісіндегі қапсырма-құлыптарды пайдалануға кеңес береді.

Сондай-ақ велосипедтерді тек күзетілетін тұрақтарға немесе бейнебақылау камералары орнатылған орындарға қалдырған жөн. Бұдан бөлек, көлік иелеріне велосипедтің немесе оның рамасындағы сериялық нөмірдің фотосуретін алдын ала түсіріп қою және ерекше белгілерін есте сақтау ұсынылады.

– Жаз мезгілінде полиция велосипедшілер көп шоғырланатын орындарда, яғни саябақтарда, сауда орталықтарының маңында және веложолдарда патрульдеуді күшейтеді. Тұрғын үй алаптары мен тұрақ аймақтарының маңында түнгі рейдтер де жүргізіледі, – делінген хабарламада.

Сонымен қатар құқық қорғау органдары ұрланған мүліктің заңсыз сатылуына жол бермеу мақсатында базарлар мен стихиялық сауда орындарын да тексеруді жалғастырады.

Айта кетейік, Apple iPhone құрылғыларын көшедегі ұрлықтан қорғайтын жаңа функция әзірлеп жатыр.