Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Биыл Қазақстанда қай көлік брендтеріне сұраныс жоғары

АСТАНА. KAZINFORM — Шілдеде жаңа автокөлік саудасы 5,9 пайызға өсті. Бұл ретте сол кезеңде топ-5 қатарына Hyundai, Chevrolet, Kia, Changan және Chery енді.

авто
Фото: energyprom.kz

«Қазақстанның Автокөлік Одағы» (ҚАО) дерегінше, 2026 жылғы шілдеде ресми дилерлер 21 371 жеңіл және коммерциялық автокөлік сатқан, бұл былтырғы шілдедегі нәтижеден (20 179) 5,9 пайызға көп. Қаңтар-шілде қорытындысы бойынша 127 260 жаңа автокөлік өтіп, 2025 жылғы сәйкес кезеңдегіден 1,7%-ға (125 132) жоғары болды.

- Қазақстанның нарығы жаңа автокөліктер саудасының жоғары деңгейін сақтап тұр. Қазір бәсекелестік орта қаншалықты тез өсіп жатқаны байқалып тұр. Осы орайда елде жасалатын модельдер орнын нығайтып, таңдау мүмкіндігі артып келеді. Ал сатып алушылар автокөліктің құнын ғана емес, технологияларды, алу шарттары мен сатып алған соң қызмет көрсету сапасын да мұқият бағалайды, - деді ҚАО президенті Анар Мақашева.

Жазда қай көлік түрі өтімді болды?

Атап айтқанда, 2026 жылғы шілдеде Hyundai дилерлері 3 712 автокөлік сатып, былтырғы шілдедегі нәтижесін қайталады (+0,4%). Екінші орынға 2 855 автокөлік нәтижесімен Chevrolet жайғасты (-29,5%). Үшінші орында Kia тұр, оның саудасы 14,8% өсіп, 2 492 автокөлікке жеткен. Changan-ның көрсеткіші Kia-ға жақын – 2 456 автокөлік сатылды. Бренд саудасы былтырғы шілдемен салыстырғанда бірден 171,7% өскен. Алғашқы бестікті Chery түйіндеді, марка 1 543 автокөлік сатып, 2025 жылғы көрсеткіштен 35,6% жоғары нәтиже көрсетті.

Сонымен қатар алғашқы ондыққа Jetour (1 129 көлік; -14,5%), Toyota (1 019; +8,1%), JAC (994; -10,5%), Geely (868; +73,3%) және Haval (864 көлік; -16,6%) енді.

Модельдер арасында шілдеде Chevrolet Cobalt көш басына шықты – 2 682 автокөлік. Екінші орынға Hyundai Tucson (1 851 көлік) тұрақтады, ал 1 070 автокөлік сатылған Changan CS35 MAX алғаш рет ең көп өткен үш модель қатарына енді.

Бұдан бөлек, шілдеде Kia Cerato ең танымал автокөліктер арасына қайта қосылды, яғни дилерлер 1 031 автокөлік сатып, бұл модельдің бірден төртінші орынға көтерілуіне мүмкіндік берді. Үздік бестікті Kia Sportage түйіндеді – 820 автокөлік.

Жалпы, жеті ай қорытындысы бойынша 20 959 автокөлік нәтижесімен Hyundai бірінші орын алды (-24,7%). Chevrolet екінші – 20 441 автокөлік, бұл 2025 қаңтар-шілдемен салыстырғанда +17,8% жоғары көрсеткіш.

Үшінші орында Kia – 14 824 автокөлік (+9,9%). Төртінші сатыға саудасын екі есе ұлғайтып, 11 927 автокөлікке дейін жеткізген Changan көтерілді (+101,8%).

Көшбасшылар бестігін Chery түйіндеді – 9 686 автокөлік (+14,6%). Содан кейін тізімде Haval (7 590 көлік; +11,2%), Jetour (6 903; -19,4%), JAC (5 739; -1,7%), Toyota (5 016; -8,8%) және Geely (3 794; -34,3%) тұр.

Биыл елде 190 мың автокөлік шығарылады

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, автокөлік өндірісі саласы қарқынды дамып келе жатыр

Атап айтқанда, кейінгі 5 жылда салаға 457 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылды. Былтыр 171 мыңнан астам автокөлік шығарылып, өндіріс көлемі 18%-ға артты.

- Бұл оң динамика биыл да сақталада. Осы жылдың 6 айында 94 400 көлік шығарылды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 35%-ға жоғары. Биылғы жоспар — өндіріс көлемін 11%-ға арттырып, 190 мың көлік шығару. Жалпы биыл автомобиль шығару саласы 131,1%-ға өсті, — деді министр.

Ерсайын Нағаспаевтың мәлімдеуінше, отандық автомобиль өнеркәсібін одан әрі дамыту және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында министрлік негізгі бағыттарды айқындады. Олар:

- Локализация деңгейін одан әрі арттыру. Ол үшін негізгі басымдық — жаңа автокомпоненттер өндірісін игеруге және отандық кәсіпорындарды әлемнің жетекші автокөлік компанияларының өндіріс тізбектеріне енгізу жоспарланып отыр.

- Халық үшін автокөліктің қолжетімділігін арттыру. Осы мақсатта автонесиелеу мен лизинг тетіктерін жетілдіру, оның ішінде борыштық жүктеме коэффициентін алып тастау және жеке адамдарға арналған автолизингті дамыту көзделген.

- Электр және гибридті көлік құралдары өндірісін дамыту, сондай-ақ оларды пайдалануға қажетті инфрақұрылымды қалыптастыру. Бұл зарядтау станциялар желісін кеңейтуді, пилотсыз көлік технологияларын қолдану үшін қажетті жағдайлар жасауды қамтиды.

- Автокөліктерді импорттау кезінде заңнама талаптарын сақтауды қамтамасыз ету. Бұл отандық өндірушілер мен импорттаушылар үшін тең әрі ашық бәсекелестік жағдайларын қалыптастыруға, сондай-ақ заңсыз схемаларды болдырмауға мүмкіндік береді.

- Меншікті зертханалық базаны құру. Бұл автокөлік пен автокомпоненттердің техникалық талаптарға сәйкестігін ел ішінде растауға, жаңа өнімдерді нарыққа жедел шығаруға және отандық өндірістің дамуына ықпал етеді.