Биыл Қазақстанға 25,5 млрд доллар шетелдік инвестиция тартылуы керек — Бектенов
АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министр Олжас Бектенов Үкіметке биыл Қазақстан экономикасына 25,5 млрд доллар көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тарту және негізгі капиталға салынатын инвестиция көлемін 31,5 трлн теңгеге жеткізу міндетін қойды.
Мемлекет басшысы еліміздің инвестициялық ахуалын одан әрі жақсарту және экономиканың басым секторларында қосылған құнды арттыратын серпінді жобаларды іске асыру міндетін белгіледі.
— Осы тұрғыда әрбір министр мен әкімнің алдына инвестициялар тарту бойынша нақты индикаторлар мен міндеттер қойылғанын атап өтемін. Биыл 25,5 млрд доллар шетелдік инвестиция және негізгі капиталға 31,5 трлн теңге инвестиция тартуға тиіспіз. Сыртқы істер министрлігіне мемлекеттік органдармен бірлесіп, жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізу үшін аталған бағыттағы жұмысты күшейтуді тапсырамын, — деді Олжас Бектенов.
Сыртқы істер министрлігі Бас прокуратурамен бірлесіп, барлық жобаларға қолдау көрсету және инвесторлардың заңды құқықтарын қорғау жұмыстарын жүйеге келтіруі қажет.
Айта кетейік, бүгін министрлер кабинеті жаңа Конституцияның күшіне енуі аясында Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау барысын қарады.