Биыл көлік полицейлері 20 миллион жолаушының қауіпсіздігін қамтамасыз етті
АСТАНА. KAZINFORM — Ішкі істер министрлігінің Көліктегі полиция департаменті әуе және теміржол көлігі объектілерінде құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстарды жалғастыруда, деп хабарлайды Polisia.kz.

Ведомствоның мәліметінше, 2025 жылдың басынан бері көлік полицейлері теміржол және әуе көлігімен қатынаған 20 миллионға жуық жолаушының қауіпсіздігін қамтамасыз еткен. Атап айтқанда, 11 миллиондай адам теміржол көлігін, ал 8,9 миллионнан астам азамат әуе қатынасын пайдаланған.
Көліктегі полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Мадияр Айтуғановтың айтуынша, Астана қаласының халықаралық әуежайы арқылы биыл 6 айда 4,3 миллион жолаушы өткен, оның ішінде 2 997 981 адам — ішкі, 1 376 954 адам — халықаралық бағытпен ұшқан.
«Көлік нысандарын заңсыз әрекеттерден қорғау мәселесі өзекті күйінде қалып отыр», — деді ол.
Бүгінде Департамент пен оның желілік бөлімшелері «Құқықтық тәртіп», «Көліктегі қауіпсіздік», «Заңсыз келуші», «Қарасора» секілді жедел-алдын алу іс-шараларын тұрақты негізде өткізіп келеді.
Мадияр Айтуғановтың сөзінше, жыл басынан бері елордалық әуежайда 34 мыңнан астам әуе рейсі мен 4,3 миллион жолаушы тексеріліп, нәтижесінде 100-ден аса тыйым салынған зат тәркіленген, 53 қылмыс пен 1 348 құқық бұзушылық анықталған. Сонымен қатар 43 атыс және суық қару айналымнан алынған.
Көлік полициясы қылмыстардың алдын алуда заманауи цифрлық шешімдерді, қызметтік-іздестіру иттерін кеңінен қолдануда. Жедел жағдайлар тұрақты талданып, құқық бұзушылық жиі тіркелетін учаскелерге жасақтар бағытталады.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 48 мыңға жуық адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Айта кетейік, ІІМ биылғы жылды «Профилактика жылы: полиция — заң мен тәртіп күзетінде» деп жариялаған. Бұл бастама қоғамдық қауіпсіздікті нығайтып, құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған.
Еске салайық, Алматы полициясы Қытайда пранк түсірген блогермен профилактикалық әңгіме жүргізді.