Биыл мемлекеттік орман қорында 0,41 гектар аумақты қамтыған 3 өрт тіркелді
АСТАНА. KAZINFORM – 15 маусымдағы жағдай бойынша Қазақстанның мемлекеттік орман қоры аумағында жалпы ауданы 0,41 гектарды құрайтын 3 орман өрті тіркелді. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігі мәлімдеді.
Ведомство мәліметінше, тіркелген өрттердің орманды алқаптағы ауданы 0,01 гектарды, ал ормансыз алқаптағы ауданы 0,4 гектарды құраған.
«Тіркелген өрттердің екеуі оқшауланып, біреуі толық сөндірілді. Барлық өрт ошақтары дер кезінде анықталып, орман күзеті күштерімен жедел түрде тиісті жұмыстар жүргізілді. Бөлімшелердің жоғары дайындық деңгейінің, өрт туралы хабарламаларға жедел ден қоюының және орман күзеті қызметкерлерінің үйлесімді іс-қимылының арқасында өрттер аз аумақта оқшауланып, сөндірілді», – деп хабарлады ведомство.
Министрліктің атап өтуінше, қабылданған шаралардың нәтижесінде мемлекеттік орман қорына елеулі залал келтірудің алдын алу мүмкін болды.
Экология және табиғи ресурстар министрлігі орман алқаптарында өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырып, тұрғындарға табиғат аясында демалу кезінде отпен жұмыс істеуде аса сақ болу қажеттігін ескертті.
2025 жылы еліміздің орман қорында ондаған өрт тіркеліп, олардың басым бөлігі адам факторынан туындаған болатын.
Айта кетейік, кеше Катонқарағайдың орман алқабында өрт шыққаны хабарланды.