Биыл Павлодар облысының су айдындарында 14 адам ажал құшқан

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Шомылу маусымында Ертіс бойындағы су айдындарында 14 адам тілсіз жаудың құрбаны болған. Олардың екеуі – бала.

суға кетті
Фото: ШҚО ТЖД

Ертіс-Баян өңірінде суға түсу маусымы ресми түрде жабылды. Құтқарушылар биылғы маусымды қорытындылады.

- Су айдындарында жазғы кезеңде 14 адам суға кетіп ажал құшты. Оның екеуі – бала. Адамдардың жазатайым оқиғаға ұшырауына олардың көбіне мас күйінде суға түсуі немесе рұқсат етілмеген жерде шомылуы себеп болады. Сондай-ақ кейбір жандар өз күштерін есептемей, терең жерге жүзіп барады. Моторлы қайықтар мен катерлерді дұрыс пайдаланбау да қайғылы жайттарға соқтырып жатады, - дейді өңірлік төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Қыдыржан Наскенов.

Құтқарушылар маусым барысында суға батып бара жатқан 14 ересек адам мен 6 баланы құтқарып қалған.

Жалпы биылғы маусымда департамент өкілдері суға түсу ережелерін бұзудың 273 дерегін тіркеген. Олардың дені шомылуға тыйым салынған жерлерде болған. Тексерулер нәтижесінде 58 әкімшілік айыппұл салынып, 215 ескерту берілген.

Еске сала кетейік, Жетісуда жаз мезгілінде 4 адам суға батып кеткен, оның екеуі бала.

 

Соңғы жаңалықтар