Биыл рекордтық 11 мың шақырым автожол жөнделіп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – 2026 жылы құрылыс және жөндеу жұмыстары рекордтық 11 мың шақырым жолды қамтыды. Оның ішіндегі 3,4 мың шақырымы республикалық маңызы бар жолдар желісін салу және реконструкциялау, 5 мың шақырымы республикалық трассаларды күрделі және орташа жөндеу, 2,4 мың шақырымы жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеу. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Үкімет Мемлекет басшысының 2024 жылғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында қойылған міндеттерді орындау аясында транзиттік әлеуетті дамытуды жалғастыруда. Қаңтар–маусым айларында көліктің барлық түрімен жүк транзитінің жалпы көлемі 21,7 млн тонна болды, бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 24%-ға артық (17,5 млн тонна).
2026 жылы құрылыс және жөндеу жұмыстары рекордтық 11 мың шақырым жолды қамтыды. Оның ішіндегі 3,4 мың шақырымы республикалық маңызы бар жолдар желісін салу және реконструкциялау, 5 мың шақырымы республикалық трассаларды күрделі және орташа жөндеу, 2,4 мың шақырымы жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеу. Жолдарды күтіп ұстау мақсатында ақылы жол учаскелері жүйесі дамытылуда. Жуырда бұл тізім жалпы ұзындығы 1,6 мың шақырым болатын тағы 6 жаңа бағытпен толықтырылады: Қарағанды — Балқаш, Бурылбайтал — Күрті, Ақтөбе — Қандыағаш, Талдықорған — Өскемен, Атырау — Астрахан, Мерке — Шу. Нәтижесінде ақылы жолдарының жалпы ұзындығы 4,9 мың шақырымнан 6,7 мың шақырымға дейін ұлғаяды.
Қазақстанның авиация паркінде 111 әуе кемесі бар. Биыл бір Airbus A321 neo және екі Boeing 737 MAX 8 ұшағы жеткізілді. Қазіргі уақытта Қазақстан 32 мемлекетпен халықаралық әуе қатынасын орнатқан. Жалпы саны 158 бағыт бойынша аптасына 915 рейс орындалады. 2026 жылы мынадай инфрақұрылымдық жобалар іске асырылуда: Арқалық әуежайын қалпына келтіру; Зайсан, Қатонқарағай және Кендірлі әуежайларын салу; Шымкент әуежайында екінші ұшу-қону жолағын салу; Алматы әуежайының терминалын жаңғырту және Үржар әуежайын реконструкциялау; Павлодар әуежайының ұшу-қону жолағын реконструкциялау.
Теміржол саласында да жартыжылдықтың оң динамикасы байқалады: қаңтар–маусым айларында теміржол көлігімен 157,1 млн тонна жүк тасымалданды (өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,5%-ға көп — 151,9 млн тонна). Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2029 жылға дейін 11 мың шақырым теміржолды жөндеу жоспарланған. Оның ішінде 5216 шақырым жөнделіп болды, ал биылғы жылдың жоспары — 1577 км.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша салада бірқатар маңызды оқиғалар тіркелді:
«Достық — Мойынты» теміржолының екінші желісі пайдалануға берілді (836 шақырым);
«Қызылжар — Мойынты» теміржол желісінің құрылысы басталды (323 шақырым);
«Алматы айналма теміржол желісі» жобасы бойынша жұмыс қозғалысы іске қосылды (75 шақырым);
775 локомотивті (Wabtec, Alstom, CRRC) және 2,7 мың фитингтік платформаны жеткізу бойынша келісімшарттарға қол қойылды;
Ел бойынша 124 теміржол вокзалын жаңғырту басталды;
Ақтау теңіз портында контейнерлік хабтың құрылысы аяқталды. Сонымен қатар Құрық-Баку бағытына құрғақ жүк кемесі шығарылып, жалпы құны 74,3 млрд теңге болатын 8 жаңа кеменің құрылысы басталды. Оларды 2028 жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған.
Автомобиль бағыттарында тасымалдау географиясы 42 мемлекетпен жасалған келісімдердің арқасында кеңейіп келеді. Түрікменстан, Иран және Түркиямен рұқсаттамасыз тасымалдау жүйесі енгізілді. Сонымен қатар Қазақстан Қытай аумағының ішкі өңірлеріне транзиттік автокөлік тасымалдарын жүзеге асыру құқығына ие болды. Еліміздің автомобиль жолдарында жүк көліктерінің салмағы мен көлемі параметрлерін автоматты түрде бақылау үшін 83 автоматтандырылған салмақ өлшеу стансасы орнатылды. Олар адамның қатысуынсыз айыппұлдарды автоматты түрде рәсімдеу үшін Әкімшілік іс жүргізудің бірыңғай тізілімі жүйесімен біріктірілген.
Айта кетелік Қазақстандағы маңызды автожол жобалары бойынша Жол картасы бекітілді.