Биыл Сырдария арқылы келетін су былтырғыдан да аз болады — министр
АСТАНА. KAZINFORM — Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Үкімет отырысында Сырдариядан келетін судың азайып жатқанын «объективті шындық» деп сипаттады.
— Сарапшылардың болжамы бойынша алдағы вегетациялық кезеңде Қазақстанның оңтүстігіндегі өзен бассейндерінде су ағынының қысқаруы күтіледі. Сырдария өзенінің жоғарғы ағысында көрші мемлекеттер аумағында орналасқан су қоймаларының қазіргі толуы өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3,2 млрд текше метрге төмен, — деді ол.
Министр 12 қаңтардағы жағдай бойынша оңтүстіктегі су қоймаларының толуы өткен жылмен салыстырғанда 1,9 млрд текше метрге аз екенін айтты.
— Бұл күз-қыс маусымындағы жауын-шашынның азаюы, мұздық ағынының қысқаруы және климаттың өзгеруінің жалпы әсеріне байланысты объективті шындық. Бұл факторлар ұзақ мерзімді сипатқа ие және оған жүйелі бейімделуді талап етеді, — деді ведомство басшысы.
Айта кетейік, бүгін Үкімет отырысында су үнемдеу технологияларын енгізу шараларын пысықтады.