Биыл Жамбыл облысында 1 млрд теңгеден астам соманың заңсыз өнімі анықталды
ТАРАЗ. KAZINFORM – Жыл басынан бері Жамбыл облысында экономикалық құқықбұзушылықтардың бірқатар дерегі белгілі болды. Бұл туралы өңірдегі Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Руслан Қасымов мәлім етті.

Оның айтуынша, биыл мемлекеттік шекара арқылы заңсыз тауар тасымалдау және контрафактілік алкоголь мен темекі өнімдерінің айналымы бойынша 14 қылмыстық іс тіркелген. Заңсыз өнімдердің жалпы сомасы 1,05 миллиард теңгені құрады. Айналымнан 1,4 миллион қорап контрафактілік темекі мен 40 мың литр спирт тәркіленді.
«Аталған қылмыстар бойынша жедел-іздестіру шаралары жалғасып жатыр. Контрабандалық арналарды жою – біздің басым бағыттарымыздың бірі», – деді департамент басшысы.
Сонымен қатар, жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында TikTok әлеуметтік желісі арқылы ұйымдастырылған заңсыз ойын бизнесі анықталған. Бұл істе 26,5 миллион теңге көлемінде қылмыстық кіріс тіркеліп, Қылмыстық кодекстің 218-бабы бойынша іс сотқа жолданды.
Бұдан бөлек, лотерея терминалдары арқылы заңсыз құмар ойын ұйымдастыру дерегімен тағы бір қылмыстық іс тіркеліп, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Қасымовтың айтуынша, 2025 жылдың алғашқы жартысында қаржы пирамидасын және заңсыз ойын-сауық бизнесті ұйымдастыруға қатысты 6 қылмыстық іс тіркелген. Олардың ішінде қаржы пирамидасын жарнамалау фактісі де бар.
«Соңғы үш жылда Жамбыл облысында қаржы пирамидаларынан 200-ден астам азамат зардап шекті. Бұл – біздің қызметке ресми түрде жүгінген адамдардың нақты саны», – деді Руслан Қасымов.
Сондай-ақ, департамент мамандары интернет кеңістікте де құқық бұзушылықтардың жолын кесуге күш салуда. 2025 жылдың алты айында құқыққа қайшы контенті бар 2 000-нан астам сілтеме бұғатталды. Барлығының заңға сәйкес еместігі расталды.
Сонымен қатар, «Күнделікті табыс» және «Жұмыс тобы» атты екі WhatsApp чаты анықталып, жабылды. Бұл топтарда 792 адам тіркелгені белгілі болды.
Айта кетейік, Жамбыл облысында мемлекеттен заңсыз 321 млн теңге субсидия алған басшылар сотталды.