Биыл жолдарды жөндеуге 781 миллиард теңге қарастырылған — «ҚазАвтоЖол»
АСТАНА. KAZINFORM — Биыл 8 800 шақырым жолда түрлі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев айтты.

— Биыл еліміздің көлік инфрақұрылымының маңызды бағыттарын қамтитын ауқымды жол-құрылыс маусымы басталады. Жол саласын жаңғырту мақсатында 8 800 шақырым автомобиль жолдарында түрлі жөндеу жұмыстары жүргізілмек, — деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.
Оның ішінде:
• 2100 шақырымда құрылыс және қайта жаңарту;
• 460 шақырымда күрделі жөндеу;
• 6300 шақырымда орташа жөндеу жұмыстары.
— Жоспарланған жұмыстарды орындауға шамамен 10 000 бірлік жол-құрылыс техникасы, 27 асфальтбетон зауыты және 25 мың маман жұмылдырылатын болады. Жобаларды іске асыру барысында 9,4 миллион тонна асфальтбетон қоспасы, 12 миллион текше метр қиыршық тас және 500 000 тонна битум қолдану жоспарланған. Барлық жобаларды жүзеге асыру үшін шамамен 781 миллиард теңге көлемінде қаржы қарастырылған, — деді Дархан Иманашев.
Бұған дейін биыл «Жезқазған — Қарағанды», «Сарыағаш қ. айналма жолы», «Рудный қ. айналма жолы», «Ақтөбе — Ұлғайсын», «Қызылорда қ. айналма жолы», «Түркістан қ. айналма жолы», «Бейнеу — Бозой — Шалқар» және «Қызылорда — Сексеуіл» маңызды жобаларының құрылысына ерекше көңіл бөлінетіндігін жазған едік.