Биыл 15 мың қылмыстық жазасын өтеушіге рақымшылық жасалады - ІІМ
АСТАНА. KAZINFORM — Биыл 15 мың сотталған адам қылмыстық рақымшылықпен қамтылуы мүмкін. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары - Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Абай Қайырбеков мәлім етті.
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар биыл сотталғандар арасынан қанша адам рақымшылықпен қамтылатынын сұрады.
Өз кезегінде А. Қайырбеков былтырғы рақымшылық аясында 15 мың сотталғанның қылмыстық жазасы жеңілдетілгенін, біразы босатылғанын, сондай-ақ көбінің жаза мерзімі қысқартылғанын еске салды.
- Алдын ала есептеулер бойынша биыл да 15 мың сотталған адам қылмыстық рақымшылыққа жатады. Оның ішінде 5 мыңнан астамы бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатқандар, 10 мыңы пробациялық бақылаудағы сотталғандар. Былтырғы рақымшылық актісіне сәйкес, 2,3 мың адам жазасын өтеу орындарынан босатылған. Солардың арасынан 8 адам қайтадан қылмыс жасап, қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Заң жобасының 3-бабына сәйкес, бұрын рақымшылық қолданылып, қайтадан қылмыс жасаған адамдарға қатысты қайтадан рақымшылық жасау шектелді, - деді Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы.
Бұған дейін Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов еліміздегі қылмысты рақымшылықтың алдын ала әдістері әзірленгенін айтты.