Биіктен зат лақтырған қылмыскер өлім жазасына кесілді - шетелдегі қазақ баспасөзі
Kazinform ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Қазақстанның Ирандағы елшісі екі ел арасындағы сауда айналымын 10 миллиард долларға дейін кеңейтуді талап етті - Parstoday
Қазақстанның Ирандағы елшісі екі ел арасындағы тауар айналымын 10 миллиард долларға дейін кеңейтуді талап етті.

Parstoday ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Қазақстанның Ирандағы елшісі Оңталап Оңалбаев бейсенбі күні Иранның батысындағы Хамедан облысының сауда палатасы мен Иран мен Қазақстанның ортақ сауда палатасы арасындағы коммерциялық меморандумға қол қойды. Елші қол қою отырысында, өзінің бай тарихы мен мәдениеті және мол экономикалық мүмкіндіктері бар Хамедан облысын Қазақстанмен экономикалық және мәдени ынтымақтастықтың үлгісі ретінде қарастыруға болатынын айтқан.
Хамедан әкімі Хамид Меланури Шамси де бейсенбі күні Қазақстанның Ирандағы елшісінің кездесуінде Хамедан облысы мен Қазақстан елі арасындағы экономикалық қарым-қатынастарды одан әрі дамыту үшін қажетті шаралар қабылданатынын тілге тиек етті. Оның пікірінше, бұл даму әсіресе отандық және шетелдік капиталды тартуды қамтиды және негізгі мақсат провинцияның құрылысы мен дамуы үшін табиғи және адами мүмкіндіктер мен ресурстарды оңтайлы пайдалану болып табылады.
Сондай-ақ Иранның Хамедан облысының көптеген мүмкіндіктері бар, әсіресе ауыл шаруашылығы, тау-кен өнеркәсібі, өнеркәсіп және туризм салаларында Қазақстанмен ынтымақтастық үшін айтарлықтай мүмкіндіктер бар.
Айта кетейік, Қазақстанның Ирандағы Елшісі Хамедан Сауда-өнеркәсіп палатасының шақыруымен және екіжақты экономикалық және мәдени өзара іс-қимыл жасау мақсатында Хамеданға барды.
Биіктен зат лақтырған қылмыскерге кесілген өлім жазасы атқарылды - Жэньминь жибао
Өткен жылдың маусым айында Цзилинь өлкесі Чанчунь қаласында биіктіктен лақтырылған заттан адам өлімі оқиғасы орын алды. Журналистер қазанның 21-і күні Жоғарғы халық сотының сотталушы Чжоудың қауіпті әдістермен қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіргені үшін өлім жазасына кесілгенін қайта қарау ісі бойынша заңға сәйкес үкім шығарып, өлім жазасын дереу орындауға бекіткенін білді. Жоғарғы сот шығарған жазаны қайта қарау үкіміне сәйкес, Чжоуға тағайындалған өлім жазасы бүгін яғни 21-і күні атқарылады, деп хабарлады Қытайдың «Жэньминь жибао» ақпараттық порталы.
Қытайлық БАҚ-тың мәліметінше, 2023 жылдың маусым айында 28 жастағы Сяо Лу Цзилинь провинциясының Чанчунь қаласындағы Йие базарының тағамдар көшесінде биіктіктен лақтырылған кірпіш басына тиіп, өкінішке орай қайтыс болды. Кірпіш лақтырған жігіт бұған дейін 5 литрлік екі бөшке су мен ашылмаған үш банка кока-коланы көпқабатты үйден лақтырып жіберіп, тағы екі адамға тиген. Сол жылдың 13 желтоқсанында Чанчунь аралық халық соты Чжоуды өлім жазасына кесіп, оны өмір бойына саяси құқығынан айырды және марқұмның отбасына жерлеу шығындарын қосқанда 40 000 юаннан астам өтемақы төлеуді бұйырған.
Айта кетейік, биіктіктегі зат лақтырылған үйдің астында адамдардың өте тығыз ағыны бар, яғни түнгі базардағы жеңіл тағамдар көшесі болған. Чжоу 6 күн ішінде ғимараттың жоғарғы қабаттарынан бірнеше рет кірпіш пен басқа заттарды лақтырып жіберген. Оқиға кезінде ол ғимараттың астына 8 кірпіш тастап, белгісіз көптеген адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төндірген.
Сондай-ақ, осы аптада өлім жазасына кесілген тағы бір сот үкімі шыққаны туралы ақпарат тарады. Атап айтқанда, Қытайдың «CNR» ақпарттық порталында «17 баланы саудалаған әйел өлім жазасына кесілді» деген тақырыптағы ақпарат жарияланған болатын. Бұл хабарды Қытайдың көптеген ақпарат көзі жазды.
2023 жылдың қыркүйегінде дәл сол сот Ю Хуайинді 1993-1996 жылдар аралығында Гуйчжоу мен Чунцин қаласынан 11 баланы Хэбэй провинциясының Хандан қаласына ұрлап, сатқаны үшін кінәлі деп тауып, өлім жазасына кесті. Сотталушы мен оның кейін қайтыс болған сыбайласы пайда табу мақсатында балаларды сатып жіберген. Үкім жарияланғаннан кейін бірден адам ұрлаушы шешімге шағымданған еді.
Қытайлық БАҚ-тың дерегінше, 2023 жылдың қарашасында Гуйчжоу провинциясының жоғары халық соты айыпталушының шағымына сәйкес, 2024 жылдың қаңтарында полиция Ю Хуайиннің бала саудасының басқа да істеріне қатысы барын анықтағаннан кейін істі қайта қарауды бұйырды.
Содан бері ірі адам саудасына қатысы бар балалар саны 11-ден 17-ге дейін өскені анықталған. Бұл балалар 12 отбасынан шыққан, олардың бесеуі бірден екі ұрпағынан айырылған, деп хабарлады сот. Сонымен қатар, Ю Хуайин барлық жеке мүлкін тәркілеумен өмір бойына саяси құқықтарынан айырылды.
Әйелдің қылмыстық әрекеттері салдарынан 12 отбасы балаларынан айырылған. Тіпті, кейбірі мүлдем күйреуге ұшыраған(кей ата-аналар балаларының жоғалғанына байланысты ауыр дертке шалдығып, қайтыс болған). Осы себепті сот өлім жазасын қолдану дұрыс деп тапқан.
Ю Хуайин сот үстінде шағым арыз беретіндігін білдірді.
Шетелдік БАҚ өкілдері автомобильдердің «интеллектуалды өндірісін» жоғары бағалады - «Халық газеті»
24 қазан күні «Бір белдеу, бір жол» жастар арасындағы достық алмасу жобасының «Шетелдік БАҚ көк қалада» медиа тобындағы 21 шетелдік тілші Қытайдың Хух-Хотодағы Экономикалық және технологиялық даму аймағына және Ішкі Моңғолдың Хелиньгель жаңа аумағына барды. Олар сонда жаңа энергетикалық коммерциялық көліктер, қалаларды цифрландыру және төмен биіктіктегі экономикалық даму жағдайларымен танысты, деп хабарлайды Қытайдың «Халық газеті» басылымы.

Аталған БАҚ-тың дерегінше, Ішкі Моңғолдың Yuansu Mengtai Intelligent hydrogen-electric Commercial Vehicle компаниясы интеллектуалды сутегі-электрлік коммерциялық көліктерді өндіруге бағытталған. Мұндағы төмен көміртекті, экологиялық таза және тиімді сутегімен жұмыс істейтін ауыр жүк көлігі тракторлары мен жүргізушісіз тракторларды ауқымды өнеркәсіпте, тау-кен өнеркәсібінде, логистикада және көлікте пайдалануға болады. Бұл шетелдік БАҚ өкілдерінің назарын аударды.
Шетелдік журналистер сутегі энергиясымен жүретін үлкен жүк көлігі тракторын нұсқап, таңғалғанын жасыра алмады. Олардың ішінде қазақстандық Ғазиза Ұзақ есімді тілші де бар.
Түркі әлемінің кезеңі келді - TRT
Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы Нуман Куртулмуш түркі әлемінің достастығына назар аударды. Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы Нуман Куртулмуш Түркі әлемінің өзара бірлік, бауырластық пен достықты одан әрі арттырып, тығыз ынтымақтастықта әрекет етуі сөзсіз қажеттілік екенін айтты.

Бұл туралы осы аптада Түркия Радио Телевизия порталы хабарлады. Сонымен қатар Мәжіліс төрағасы Куртулмуш Қазақстан Республикасының Республика күніне арналған қабылдауда сөйлеген сөзінде Қазақстан және Қазақстан халқын Мәжіліс атынан құттықтады.
Куртулмуш Әлем көп полярлы тәртіпке бет бұрған осы кезеңде түрік әлемінің маңызды орталықтардың бірі болатынын айтқан.
«Қазақстан мен Өзбекстаннан Анадолы мен Венгрияға дейінгі кең аумақта орналасқан, халқы 300 миллионға жуықтаған түркі әлемінің көп полюсті жаңа әлемдік теңгерімдер ішінде келешекте даңқы одан әрі артып, әлемнің маңызды орталықтарының біріне айналатын болады. Түркі әлемінің өзара бірлік, бауырластық пен достықты одан әрі арттырып, тығыз ынтымақтастықта әрекет етуі- бұл сөзсіз қажеттілік», - дейді Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы Нуман Куртулмуш.
Сонымен қатар ол Түркия Республикасының екінші ғасырына сәйкес келетін және біздер «Түркия ғасыры» деп атаған осы кезең сонымен қатар түркі әлемінің ғасыры болсын. Түркия мен Қазақстан арасындағы мәңгілік достықтың күннен күнге күшейе беруін тілеймін, деген.
Самарқанд мемлекеттік университетінде қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасы ашылды - ӨзА
Шараф Рашидов атындағы Самарқанд мемлекеттік университетінде Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы елшілігінің қолдауымен Абай атындағы Ғылым және мәдениет орталығы мен қазақ тілі мен әдебиеті бөлімі ашылды, деп жазады Өзбекстанның «ӨзА» ақпараттық порталы.

Осыған орай өткен іс-шараға Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Бейбіт Атамқұлов, екі елдің жоғары білім саласының өкілдері, Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университеті мен Самарқанд мемлекеттік университетінің басшылары қатысты.
«Өзбекстан мен Қазақстан жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастық соңғы жылдары қарқынды дамып келеді. Елдеріміз арасындағы академиялық байланыстарды нығайтуға, тілдерді меңгеруге және тіл мамандарының біліктілігін арттыруға әрекет етіп келеміз. Бүгінгі таңда елімізде 400 мектепте қазақ тілі оқытылады, қазақ тілінде білім беретін 162 мектеп бар. Қазақ тілінде жоғары білім және кәсіптік-техникалық білім алу үшін Ташкент мемлекеттік педагогикалық университеті, Қарақалпақстан Республикасы университеті, Гүлістан мемлекеттік университеті, сондай-ақ Нөкіс, Жызақ және Науаи мемлекеттік педагогикалық институттарында қазақ тілі мен әдебиеті факультеттері және кафедралары бар. Самарқанд мемлекеттік университетінде ашылып жатқан бұл орталық та жастарымызға қазақ тілін үйретуге қызмет етеді», - деп жазады өзбекстандық БАҚ.
Іс-шараға қатысушылар жұмысын бастаған Абай атындағы Ғылым және мәдениет орталығы мен қазақ тілі мен әдебиеті бөлімімен танысты.
Сондай-ақ осы аптада «ӨзА»-да «Қытай Әндіжанда жылына 10 мың жүк көлігін шығаратын жобаны жүзеге асырмақ» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды.
«ӨзА»-ның дерегінше, қытайлық компания Әндіжанда жылына 10 мың жүк көлігін шығаратын жобаны жүзеге асырмақ. Облыс әкімдігінің хабарлауынша, Қытайдың FAW Trucks компаниясы басшылығы Әндіжанға келген.
«FAW Trucks компаниясымен серіктестікте Әндіжанда жалпы құны 100 миллион доллар болатын жоба басталады. Бұл жоба жылына 10 мың жүк тасымалдайтын көлікті шығаруға қауқарлы», - делінген хабарламада.
16 жастағы қандасымыз Қытайдың әйелдер футбол командасының жаттығушылар тізіміне таңдалды - Harajorga
Қытай футбол қауымдастығы футболдан жастар арасындағы ұлттық чемпионатына (U-17) дайындық жұмыстарын бастап кетті. Соған орай жақында Қытай футбол қауымдастығы 17 жасқа дейінгі мемлекеттік әйелдер футбол командасының 2024 жылғы алғашқы жаттығушылар тізімін жариялады, деп хабарлайды Harajorga.

Аталған тізімге Іле Қазақ автономиялы облысының Күнес ауданынан келген 16 жастағы Махпер Жанарқызы таңдалған. Қытайлық БАҚ-тың дерегінше, Махпер бүкіл Шыңжаң бойынша жаттығу толымдылығына ие болған жалғыз спортшы.
Қытай футбол қауымдастығының әйелдер футболы жарысының жаттығу жоспарына сәйкес, 17 жасқа дейінгі әйелдер футбол командасы 2024 жылдың 23 қазаны мен 8 қарашасы аралығында Юньнань өлкесінің Юси қаласындағы халықаралық спорттық жаттығу базасында іріктеу жаттығуларын өткізеді.
Қытайлық БАҚ-тың мәліметінше, бұл оқу-жаттығу жиыны 2025 жылғы 17 жасқа дейінгі әйелдер арасындағы футболдан әлем чемпионатының финалдық кезеңіне дайындалу және әйелдер футболы үшін көрнекті резервтік таланттарды одан әрі дамыту болып табылады.