Білікті мамандарсыз туризмді дамыту мүмкін емес - А.Есімов

Қала басшысы алдыңғы қатарлы инновациялық қондырғылармен жабдықталған оқу-өндірістік шеберханалар мен зертханаларды аралап көрді. Кейін колледж ұжымы алдында сөйлеген сөзінде Ахметжан Есімов Алматының туристік кластерін дамыту жөніндегі Тұжырымдаманы жүзеге асыруда бұл оқу орнының рөлі үлкен екендігін атап өтті және колледж басшылығына білім берудің дуальді жүйесін барынша толық пайдалануды, студенттерді жұмысқа орналастыруда бар тәжірибені одан әрі жетілдіруді тапсырды. «Біз өз мүмкіндіктерімізге қарасақ, туризмнен түсетін табыс экспортқа шикізат шығарудан түсетін табысты оңай алмастыра алады. Бұл жерде атақты еуропалық шипажайларды мысалға алуға болады. Алда болатын Универсиада, сонымен қатар тау шаңғысы туризмін дамыту жоспарлары бізге бәсекеге қабілетті мамандардың көпткеп керек екендігін көрсетіп отыр», - деді Ахметжан Есімов. Мегаполис басшысы Алматыға келетін шетелдік туристер санының 2014 жылдың екінші жартысында екі есеге немесе 137 пайызға артқанын, бұған 10 елдің азаматтарына Қазақстанға рұқсатнамасыз келуге жол ашылуы арқасында қол жетіп отырғанын атап өтті. Өз кезегінде колледж басшылығы мен серіктестері оқушыларға сапалы кәсіби білім беру деңгейінің өте жоғары екендігін, білім берудің заманауи бағдарламалары арқасында түлектердің жүз пайызы жұмыспен қамтылатынын жеткізді. Колледж білім берудің дуальді жүйесін енгізе отырып, оқушыларға өндірістік тәжірибеден өтуге кең мүмкіндік беруде. Соның арқасында оқу бітірген студенттердің көпшілігі үздік алматылық қонақүйлер мен мейманхаларға жұмысқа орналасса, ал кейбіреулері өз істерін ашуда.