Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Биліктің сенімді әріптесіне айналуы үшін «Атамекен» одағының жауапкершілігі арта түседі - Апталық шолу

АСТАНА. 22 маусым. ҚазАқпарат - Дүниенің дүбірлі додасы Лондон олимпиадасының жалыны тұтануға да дәл 35 күн қалыпты. ХХХ жазғы олимпиада ойындарында әлемнің ең таңдаулы, ең мықты сайыпқыран спортшылары арасында 39 спорт түрінен 302 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Биліктің сенімді әріптесіне айналуы үшін «Атамекен» одағының жауапкершілігі арта түседі - Апталық шолу

Төрт жылда бір айналып соғатын осынау әлемдік сайыста қазақ спортшыларының да кіл мықтылармен иық тіресіп, ең үздіктер ғана иеленетін мәртебеге өзінің де таласы бар екенін дәлелдейтін шақ алда күтіп тұр. Басқаша айтқанда, бұл ел намысы сынға түсер кезең. Ендеше әлем елдерінің назары Лондонға ауар тұста қазақ елінің үміт артар спортшыларының, ұлттық спортымыздың мәселесін тағы бір қарап, дайындықты пысықтау аса қажетті шара. Осы аптада Ақордада Мемлекеттік хатшы Мұхтар Құл-Мұхаммед спорттағы жоғары жетістіктер мен дене шынықтырудың одан әрі дамуына арналған республикалық кеңес өткізуі де осындай әзірліктің барысын білдірсе керек. Мемлекеттік хатшы жетекшілік еткен жиынға Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев, Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы Талғат Ермегияев қатысты. «Бү­­­гінде ел спортшылары әлемнің ең бе­­­дел­ді до­да­ларының өзінде жиі топ жарып, мемлекетіміздің атын жаһанға кеңінен танытып жүр. Бұған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың елі­міз­­де спорттың ұдайы қарышты қар­қынмен дамып отыруына кө­ңіл бөліп, қамқорлық жасап келе жатқаны бірден-бір себеп болып отыр. Баршаңызға аян, спорт - Елбасының айрықша назарында тұрған сала. Президент спорт­қа күнделікті қамқорлық жасап қана қоймай, оның көп­теген түр­лерімен өзі де белсене айналысып, отандастарымызға үнемі үл­гі-өнеге көрсетіп ке­леді. Міне, еліміздегі спортқа деген осындай орнықты көз­қа­растың арқасында Қазақстанды әлемдік спорт қау­ымдастықтары мойындай бастады» , - деді жиынды ашып сөз сөйлеген Мұхтар Құл-Мұ­хам­мед.

Расында, биліктің спортқа, бұқаралық салауаттылыққа қатысты белсенділігі бесенеден белгілі. Басқасын айтпай-ақ, соңғы жылдары елдің өңір-өңірлерінде заманауи спорт кешендерінің бой көтергенін, ал  Астана мен Алматыда әлемдік деңгейдегі ғимараттар салынғанын алға тартсақ та біршама мәселеге қанық боларымыз анық. Жыл сайын  заманауи спорт ке­шендері мен стадиондар, спорт­тық сауық­тыру нысандары бой көтеріп, саланы қаржы­лан­дыру да артып отыр. Ең бастысы ел намысын жыртатын спортшылардың алаңсыз шұғылданулары үшін қажетті жағ­дай жасалуда. Ендеше Лондон Олимпиадасында Қазақстан спорт­шылары лайықты өнер көрсетулері керек.

Ал осы мәселелер жайында баяндаған Спорт және дене шы­нықтыру істері агенттігінің төрағасы Талғат Ермегияевтың айтуынша, спортшылардың па­триот­тық сезімін арттыру мақса­тында еліміз құрама командасы мүшелерінің Ар-ождан ко­дексі әзірленген. Бұл да аса қажетті мәселенің бірі. Бұдан бөлек, төрағаның мәліметтеріне қарағанда, елі­мізде спорт­қа көңіл бөлу бар­лық жерде бірдей қолға алынған. Мәселен, қолданыстағы 32 614 спорт ғимара­ты­ның 21 268-і ауыл­дық жер­лерде орналасқан. Соның арқасында 3,3 млн. адам тұрақ­ты түрде спортпен шұғыл­данады. Дегенмен, бұқараны спортқа тартуды одан сайын өзектендірген ләзім.

«Мемлекет басшысы­ның агенттік алдына қойған басты міндеттерінің бірі Қа­зақстан ұлттық құрамасы­ның Лондон Олимпиадасында табысты өнер көр­сетуін қам­тамасыз ету болып табылады. Қа­зіргі таңда еліміз спортшылары 25 спорт түрі бойынша 107 лицензияны жеңіп алып отыр. Олар­дың ойындарда алға қойған мақсатты абыроймен орындаулары үшін барлық жағ­дай­лар жасалуда», - дейді Т. Ермегияев. Атап айтқанда, оперативті штаб пен кешенді ғылыми топ жұмыс істейді. 21 спорт түрі бойынша олим­пиялық команда мүшеле­рімен келі­сім-шарт жасалған. Құрама­да­ғы жаттықты­рушылар мен оқытушы­лар­дың жала­қыла­ры өсіпті. Осындай жан-жақты қолдаудың нәтижесінде Қазақстан Олимпиададан 13 медаль алуды көздейді. Бұған барлық мүмкіндіктер қарастырылған.  Жиын барысында  Мұхтар Құл-Мұхаммед Лондон Олим­пиадасында Қазақстан Ән­ұранының өз дәрежесін­де орындалуын тапсырып, ел спортының әлеуеті мол еке­нін, оны тек дұрыс ба­ғытқа бағыттап отыру ке­рек­тігін атап өтті.

Сау­даның заманауи форматын дамыту қа­жет

Осы аптадағы Үкімет отырысында елдегі сауда мәселесі, оның ішінде бөлшек сауданы мемлекеттік қолдау тетіктері қаралды. Жиын барысында баяндама жасаған Экономикалық даму және сауда министрі Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша,  бүгінгі күні елімізде сауданы күнкөріс көзіне айналдыр­ған 1,2 миллион адам бар екен. Бұл экономикалық белсенді халықтың шамамен 15 пайызын құрайды. Ал статистика деректеріне қарағанда, былтырғы жылдың қаңтар және жел­тоқсан айларында, ішкі сауданың ЖІӨ-дегі үлесі 14,5 па­йыз (13,9 трлн. теңге) болып отыр. Биылғы жылдың қаңтар-наурыз айларындағы дерек бойынша жеке сауда айналымы был­тырғы кезеңмен салыстырғанда - 12 пайызға, ал көтерме сауда 15,6 пайызға өскен. Сөйтіп, қолда бар мәліметтерге қарасақ, жалпы алғанда, сауда айналымы­ның көрсеткіші өскенімен, сауданың даму сапасы - әлі де төмен болып отырған сыңай бар. Бұның басты себебі -  біздегі сауда айналымының жартысына жуығы (49 пайыз) базарда жатыр. Сондықтан да экономикалық даму және сауда министрі Бақытжан Сағынтаев  сау­даның заманауи форматын дамыту қа­жет деп санайтындығын жеткізді. «Біздегі заманауи фор­маттағы сауданың үлесі 4 пайыздан да аспайды. Ал заманауи форматтағы сау­да дамыған елдерде 70 пайызға дейін же­теді», - дейді министр. Оның айтуынша, жаңа заманғы формат­тағы сауданың дамымауы  алыпсатарлардың табысын арттырып, негізгі кіріс делдалдардың қалтасына түседі. Сондықтан да бағаны нақты ұстап тұру тетіктері де қамтамасыз етілмейді. Соның салдарынан шаруаның маңдай тері де ақталмай жатыр. Осындай проблемаларды шешу үшін министрлік бірқатар ұсыныс жасады. Атап айтқанда, біріншіден, тұтынушы­лық кооперацияларды дамыту арқылы ауылшаруашылық құрылымдарды ірілету. Екіншіден, тиімді көтерме бөлімдерді құру. Үшіншіден, сауданың жаңа форматтарын дамыту. Төртіншіден, ішкі сауда саласын­да­ғы салық салу жүйесін жетілдіру. Бесін­ші­ден, ішкі сауда саласында заңнаманы жетіл­діру. Осы бағытта министр Бақытжан Сағынтаев қазіргі күні шетелдің тәжірибе­лері қарастырылып жатқанын атап өтті. «Бізге стихиялық базарлардан шығып, күрделі заманауи форматтағы сауда орта­лықтарына көшкен тиімді. Бұл жағдайда салық төлеушілер салы­ғын төлейді. Са­нитар­лық нормалар сақталып, ешқандай қауіп болмайды. Сондай-ақ бұл ауыл шар­уа­шылығы тауар өндірушілері үшін де тиім­ді болмақ. Себебі біз қазір сауда орта­лы­ғы мен тауар өндірушінің тікелей бай­ла­ны­сын орнату жолдарын қарастырып жа­тыр­мыз», - деді министр Б. Сағынтаев.

«Атамекен» одағы отандық бизнестің мүддесін барынша қорғайтын болады

Осы аптада Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Кәсіпкерлікті дамыту мәселелеріне арналған кеңестің кезекті отырысы болып өтті. Онда Президент «Атамекен» одағын отандық бизнестің мүддесін қорғайтын негізгі ұйым ретінде айқындап берді. Кеңес барысында мәлім болғандай қазақстандық бизнеске мемлекет таарпынан қолдаулар биыл одан әрі жалғасын табады. Мәселен, биыл жаңадан ашылатын бизнесті 3 жылға дейін тексерісуге тыйым салатын заң қабылданады. Бұған дейін рұқсат беру қағаздары 30 пайызға қысқартылған болса, алдағы уақытта ол қосымша 30 пайызға азаяды. Осындай қадамның арқасында шағын кәсіпкерлікті тіркеуден бастап 3 жылға дейін жоспарлы тексерулер болмайды. Бұдан бөлек, салық саласында да біршама жағымды өзгерістер қамтылатыны қарастырылуда. «Бүгінгі таңда елімізде аппеляциялық комиссияларды құру арқылы салық саласындағы дау-дамайларды сотқа дейін барынша қысқарту жұмысы атқарылып жатыр. Сондай-ақ біз арнайы салық соттарын құру бойынша әлемдік тәжірибені жан-жақты зерттеп келеміз. Біз ол мәселені әлі талқылаймыз. Дегенмен, қазіргі кезде сот органдары ондай құрылымдарды қажет етеді», - деді Президент.

Сонымен қатар, Кеңес барысында «Атамекен» одағы» ұлттық экономикалық палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов  бизнесмендердің аталған ұйымға міндетті түрде өтуі туралы ұсыныс жасаған болатын. «Атамекен» одағы Үкімет, прокуратура сияқты мемлекеттік органдардың сенімді әріптесіне айналуы үшін осы ұйымның жауапкершілігін барынша көтеру қажет. Жалпы кәсіпкерлердің мүддесін қорғайтын ұйымдар барлық дамыған мемлекеттерде бар. Мен Австрияда болдым. Ол жердегі кәсіпкерлер палатасы Үкіметтің сенімді әріптесі болып саналады. Бізде де ондай ұйым болуы керек. Онымен мен де, Үкімет те жұмыс істеуге даяр. Сондықтан мен «Атамекен» одағына мүше болу міндетін қолдаймын. Бірақ, оның мүшелігіне өтіп, жарна төлеген кәсіпкерлер ұйым құрамына не үшін кіргендерін, одан қандай көмек ала алатындығын нақты білуі тиіс», - деп атап көрсетті Президент.

Бұдан бөлек, Елбасы Үкімет пен бизнестің сенімді әріптестігін нығайту барысында тұтынушыларды ұмытпау қажеттігін ескертті. «Басты мәселе - халықтың қауіпсіздігі. Улану, алдап кету немесе апат секілді жазатайым  жағдайларда мемлекеттің үйлестіру жұмысы басым болуы шарт. Осындайда кәсіпкерлерге рұқсат қағазын берген шенеуніктерді жауапқа тарту бойынша әлемдік тәжірибені қолға алу керек. Оған қарсылық көрсетудің қажеті жоқ. Біз бәрібір соған келеміз», - деді Мемлекет басшысы.

Жиын барысында  ауыл шаруашылығы саласын сауықтыру бастамасы туралы министр Асылжан Мамытбеков те баяндама жасаған болатын. Осы төңіректегі әңгіме барысында Президент Нұрсұлтан Әбішұлы жерді пайдалану саласындағы жұмысты сынға алып, бір гектар үшін белгіленген 7 теңгелік жер салығын арттыру қажеттігін жеткізді.  «Бізде жер салығы керемет, гектарына - 7-ақ теңге. Бұл - күлкілі жәйт. Осы саладағы кәсіпкерлер мемлекет байлығын басып алып отыр, әрі ешбір салық төлемейді. Сол үшін жерге салықты көтеріп, олардың не істейтіндерін байқау қажет. Жерге бірыңғай салықты енгізу қажет», - деп атап көрсетті Мемлекет басшысы.

Кеңес соңында Президент елдегі кәсіпкерлікті дамыту бойынша бірқатар ұсыныстарды ортаға салды. «Бүгінгі таңда мемлекет кейбір реттеу функцияларын кәсіпкерлік салаға беруге даяр. Бірақ бизнес дұрыс шешімдер үшін тиісті жауапкершілікті өз мойнына алуы тиіс», - дейді Н.Назарбаев. Сондай-ақ Президент кәсіпкерлердің салықтық сауатын арттыру институтын құру қажет деп санайды. Ал компаниялардың корпоративтік әлеуетін көтеру үшін Президент арнайы орталықтарды құруды ұсынды. Себебі кәсіпкерлердің басым бөлігінде бизнесті дамытудың қарапайым жоспары жоқ, жеке меншік компаниялардың 90 пайызында маркетингтік сараптама да болмай жатады. Әрине, шағын және орта бизнестің дамуына жергілікті биліктің әсері зор. Сондықтан еліміздегі орталық мемлекеттік органдардың және әкімдіктердің жұмысын бағалау үшін «Іскерлік ахуал» тәуелсіз рейтингсі енгізілетін болады. Ал «Атамекен» одағына кәсіпкерлікті үйлестірудің 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірлеу міндеті жүктелді. Президент сөзінің соңын : «Сұрақ бар ма? Жоқ? Демек, енді жұмысқа мықтап кірісу керек!», - деп аяқтады.

Парламент Үкімет есебін бекітті

Бекітілген тәртіп бойынша былтырғы жылғы бюджеттің атқарылуы туралы Үкіметтің есебін және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің қорытындысын Парламенттің қос палатасы жеке-жеке талқылап, бірлескен отырыста шешім қабылдайды. Осыған орай, осы аптаның жұмасында өткен Парламент палаталарының бірлескен отырысында депутаттық корпус атқарушы биліктің есебін бекітті.

Тоқтала кететін жайт, 2012 жылдың бюджетінде игерілмеген қалдық  42 млрд.-тан астам теңгені құрады. Сөйтіп, 2010 жылмен салыстырғанда, мемлекеттік органдардың былтырғы жылы игере алмаған қаражаты 15 пайызға артқан. Алайда Қаржы министрі Болат Жәмі­шев игерілмеген қаражаттың басым бөлігі объективті себептерден болғанын айтады. Мәселен, министрдің мәліметінше игермеудің сүбелі үлесін объективті себептер құрайды. Атап айтқанда 17 млрд теңге ағымдағы жылы орындалу мерзімі бір жылдан артық жалғасып жатқан бюджеттік даму бағдарламалары бойынша 2011 жылы тіркелген міндет­те­мелердің төленбеген бөлігіне тиесілі. Ал 10,6 млрд теңге - бұл үнемдеу.