Білім алу - ұзақ мерзімді инвестиция
АНА. Тамыздың 21-і. ҚазАқпарат /Ризуангүл Садықова/ - Біздің бүгінгі қонағымыз - Дьюк Университетінің халықаралық экономикалық даму бойынша магистрі дәрежесін алған, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Гауһар Қасымжанова - «Арна-Медиа» холдингінің теле-радио активтерін басқару департаментінің бас менеджері.
1993-2003 жылдарда Қазақ радиосында ақпараттық хабарларды және «Гүлдену жолындағы әріптестік» және «Дипломатия өнері» авторлық бағдарламаларын жүргізді. Бұл хабарларға әртүрлі елдердің елшілері мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Хабарлар халықаралық байқауларда да жоғары бағаға ие болып, 2001 жылы Қазақстан Журналистер одағының Әнуарбек Байжанбаев атындағы сыйлығының, 2002 жылы «Еуразия белдеуі» Жастар ақпараттық қорының лауреаты атанды.
- Өзіңіз, отбасыңыз жөнінде айтып өтсеңіз. Сіздің өміріңізде қандай оқиғаның мәні зор болды?
- Мен Алматы қаласында туып-өстім. 1995 жылы ағылшын тілін тереңдете оқытатын №12 қазақ мектебін үздік бітірдім. 1988 жылы іріктеу конкурсының қорытындысымен бейбітшілік және бүкіл әлемдегі халықтар арасындағы достық туралы тұңғыш «Әлем бүлдіршіндері» қазақстан-американ музыкалық фестиваліне қатыстым. Ол кезде, «қырғи-қабақ соғыс» кезеңінде саяси теріс түсініктерге қарамастан, американдық және қазақстандық мектеп оқушылары мен режиссерлер ортақ тіл табысып, бірлескен күш-жігермен ұмытылмас спектакль қойды. Осындай ауқымды шараға қатысу маған үлкен әсер қалдырып, көзқарасымның қалыптасуына ықпал етті. 1995 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің халықаралық қатынастар факультетіне түстім.
Сірә, менің журналист мамандығын таңдауыма, өмірімнің келесі кезеңдеріме түп-тамырым ықпал еткен болуы керек. Менің арғы атам - ақын әрі журналист Мұхамеджан Сералин, алғашқы қазақ журналы - «Айқаптың» негізін қалаған адам. 1998 жылы Қазақ радиосында конкурстық іріктеуден өтіп, 2003 жылға дейін ақпараттық хабарларды және авторлық бағдарламаларды жүргіздім. «Бейбітшілік жолындағы әріптестік» және «Дипломатия өнер» авторлық бағдарламаларыма әртүрлі елдердің елшілері және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Бұл хабарлар Қазақстан Журналистер одағының сыйлығымен аталып өтті және бірнеше мәрте халықаралық конкустардың жоғары бағасын алды. БҰҰ Бас хатшысы Кофи Аннан мырзаның Қазақстанға ресми сапары кезінде БҰҰ Даму бағдарламасының Астанадағы штабының баспасөз орталығына жұмысқа шақырылдым (2002 ж.). АҚШ Мемлекеттік Департаментінің шақыруымен әртүрлі мемлекеттердің 19 өкілімен бірге «Американдық БАҚ және саяси науқандар» бағдарламасына қатыстым; АҚШ-тың экс-президенті Билл Клинтонмен, осы елдің бұрынғы Мемлекеттік хатшысы Мадлен Олбрайтпен кездесулерде жүздесу мүмкіндігіне ие болдым.
2003 жылдан бастап 2005 жылға дейін ҚР Парламенті Сенаты Аппаратының парламентаралық байланыстар және Протокол бөлімінде жұмыс жасадым. Парламенттік делегация құрамында ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының сессияларына қатыстым, Сенат спикерімен ҚХР-ға, Ресейге және Бельгияға ресми сапарлар шектім тәжірибе алмасу мақсатымен Ұлыбританияға және Францияға барып қайттым. Бұдан кейін ҚР Үкіметі және ҚР Ұлттық банкі жанындағы Ұлттық талдау орталығында жобалар жетекшісі болып қызмет атқардым.
2008 жылғы желтоқсаннан бері «Арна-Медиа» Ұлттық ақпараттық холдингінде жұмыс істеп келемін.
- Шетелде оқыған жылдарыңыз Сіздің өміріңіздегі елеулі кезең болды. Шет жерде алған біліміңіз бен тәжірибеңізді елімізде қалай пайдаланбақсыз? Батыстық білім жүйесінің отандық білім беру үрдісінен айырмашылықтары қандай? Шетелде оқу Сізге білімнен басқа не берді деп ойлайсыз?
- 2004 жылы басқа 17 қазақстандықпен бірге АҚШ-та оқу үшін ҚР Президентінің «Болашақ» стипендиясына ие болдым. 2007 жылғы мамырда оқуды ойдағыдай аяқтағаннан кейін Дьюк Университетінің халықаралық экономикалық даму бағдарламасы бойынша магистрі дәрежесін алдым.
Білім алу - ұзақмерзімді инвестиция болып табылады, өйткені ол адамның бүкіл ғұмыры бойына қызмет етеді, жаңа идеялардың, белгілі бір ұстанымдардың, кәсіби дамудың кез келген бөлігінде шыңдалып, қалыптасуға жәрдемдеседі.
Американдық таңдаулы жоғары оқу орындарының бірінде алған білімім маған қашан да күнделікті жұмысымда көмегін тигізуде. Мен Дьюк Университетінде алған білім мен дағдыларыма әркез сүйеніп отырамын.
Маған, әсіресе профессорлардың студенттермен қарым-қатынасы ұнады. Олар студентке әріптесі ретінде қарайды, өздерінің атақ-даңқтары мен құрметті мәртебесіне қарамастан, тең дәрежеде пікір алысып, әңгімелеседі. Біздің жоғары оқу орындары студенттерінің де профессор-оқытушылар құрамымен ынтымақтастық ахуалы болғанын қалаймын, студент өзін жайлы сезіне білсе, алынбайтын қамал жоқ, Айталық, ондағы кампус инфрақұрылымы студенттердің барлық талаптарына жауап береді (кітапханалар, компьютерлік бөлімшелері, көлікпен қамтамасыз ету, тамағы және басқалар). Профессорлар әлемдегі соңғы саяси, экономикалық өзгерістерге орай өздерін қамшылап отырады. Мәселен, студенттер рөлдерде ойнап, әртараптың ұстанымдары мен мүдделеріне талдау жасайды, әр тарап үшін оңтайлы шешімдер қабылауды үйренеді, әртүрлі топтардың мүдделерінің ықтимал қақтығыстары туындаған жағдайда, оны біліктілікпен реттеудің дағдыларына жаттығады. Мұндай тактика біздің оқу орындарында да қолданылады ғой деп ойлаймын. Біздің білім беру жүйемізде де оқытудың қолданбалы сипаты барлық жерде де жүзеге асырылып, оқыту үдерісінің ажырамас бөлігіне айналса, ұтарымыз көп. Оқу барысында алған баға жеткісіз тәжірибе менің білімім мен ой-санамды тереңдете түсумен қатар, адамдармен қарым-қатынасты және сындарлы пікірсайыс өнерін, практикалық дағдыларды бойыма сіңірді.
- Батыстың беделді жоғары оқу орындарының дипломдарына ие болған «Болашақ» түлектерінің бір бөлігі мемлекеттік қызметке барғысы келмейді және өздерін қоғамның артықшылықты бөлігі ретінде санайды деген пікірлерге қалай қарайсыз?
- Иә, соңғы кездері осындай әңгімелер жиі естіліп қалады. Дегенмен осы жерде бірден басын ашып алайық. Егер бакалаврға оқыған түлектерге қатысты айтар болсақ, олар үшін мемлекеттік қызмет тартымсыз болуына түсінбеймін. Олар тәжірибе жинақтап, өз білімдерін пайдаланып, өз елінің тәжірибесін іс жүзінде зерделеуі тиіс қой. Ал егер магистратура бағдарламасын бітіргендер болса, Үкімет жанында, министрліктер мен ведомстволар жанында әртүрлі көптеген акционерлік қоғамдар құрылып жатқандықтан, түлектердің еңбекақысы жоғары күлшелі жерлерге ұмтылуын түсінуге болады, өйткені оларда қажетті білім қоры мен белгілі бір тәжірибе де бар, сондықтан да өзінің бағасын арзандатқысы келмейді. Өкінішке орай, елордада жұмыс істеп өзіңді қамтамасыз етуге, қолайлы тұрмыс шегуге мемлекеттік қызметтің мардымсыз жалақысы жетпейді. Оның үстіне қолжетімді тұрғын үй жағы да қинайтыны рас. Сондықтан да мемлекеттік қызметке қабылданған түлектерді тұрғын үймен қамтамасыз етудің әлеуметтік бағдарламасын ойластырған дұрыс шығар. Өйткені, «Болашақ» түлектерінің шетелдерде білім алуына мемлекет едәуір қаржы жұмсағанын ескеретін болсақ, оларды мемлекеттік қызметте пайдалауға, ең алдымен билік органдары мүдделі болуы тиіс. Сонда «Болашақ» бағдарламасы бойынша бітіріп шыққан түлектер мемлекеттік қызметке көптеп баратын болады. Сонымен бірге, әртүрлі себептермен біздің мемлекеттік қызметте кадрлық ауыс-түйіс жиі болып тұратыны да белгілі.
- Егер патриоттық сезімдер жайлы айтатын болсақ, шыныңызды айтыңызшы, шет жерде жүргенде оның қасиет-қадірі ойландыра ма, жасыратыны жоқ, таңдаулы түлектерге ол жақта беделді жұмыстар да ұсынылып жатады емес пе? Тағы бір сұрақ. Тиімді мемлекеттік аппарат құру үшін, ең алдымен болашақ қызметкерлерді қалай оқыту керек, деп ойлайсыз?
- Мен шетелге Отаныма, туыстарым мен жақындарыма, ұлттық құндылықтар мен дәстүрлерге сүйіспеншілік сезімдері әбден қалыптасқан тұста бардым. Менің пікірімше, қайта елден шалғайда жүргенде патриоттық сезім күшейе түседі. Біз тіпті Дьюкте оқыған алғашқы жылдары университетте Қазақстан мәдениеті күндерін өткіздік. Оған тілек білдіргендердің бәрін (профессорларды, курстастарды және достарымызды) шақырып, Power Point форматында таныстырылым өткіздік, ұлттық тағамдарымыздан дәм таттырдық, қазақ күйлерін, әндері мен билерін орындап, шағын концерт бағдарламасын әзірледік. Кейбіреулері Қазақстан туралы алғаш рет естіген болып шықты және біздің бай тарихымыз бен дәстүрлерімізге таңдай қақты. Бұл орайда қайта, көзқарастары әлі толық қалыптаспаған, жас шағында бакалавриат бағдарламасы бойынша оқуға аттанғандардың тағдырына көбірек алаңдаймын. Бұғанасы қатпаған жастар әсершіл, еліккіш келеді. Сондықтан да мен мұндай стипендиаттардың санын азайтып, оның орнына жоғары оқу орындарынан кейінгі бағдарлама бойынша (PhD) білім алғысы келетіндерді барынша ынталандыру керек деп санаймын.
«Болашақ» бағдарламасының әрбір түлегі оптимист болуы тиіс. Әрине, экономикасы дамыған бақуатты елден оралғаннан кейін көптеген нәрселерге жаңаша қарай бастаймыз, кейбір келеңсіз проблемалар көзге ұрып тұрады, сондықтан да елдің өрісін ұзартуға жан аямай жұмыс жасау қажет. Мемлекетке тұтынушылық көзқараспен қараудан арылып, өзіңді шыңдай түсіп, елге пайда келтіруді ойлау қажет. Мемлекетіміз бізге сенім артты, шетелде білім алудың тамаша мүмкіндігін жасады. Біздің міндентіміз - еліміздің үмітін ақтау.
Мемлекеттік аппарат, ең алдымен халыққа қызмет ететінін айқын түсіну қажет. Әрбір орган қоғам алдында ашық болып, не істеліп, не қойылғанын, болашақта не істелетінінінен хабардар етіп отыруы тиіс. Шешімдерді қабылдау үдерісіне азаматтық қоғам белсене араласулары қажет. Халықтың арман-мүддесі үдесінен шыға білгенде ғана, мемлекеттік аппараттың қызметі тиімді болмақ.