Білім мазмұнын жаңа міндеттерге сәйкес келтіру қажет - апталық шолу

АСТАНА. 14 қыркүйек. ҚазАқпарат - Кеше Астанада сапармен болған Корея Республикасының Президенті Ли Мён Бак Қазақстанмен арада ынтымақтастықты барынша дамытуға ниетті екенін тағы да бір байқатып өтті. Ли Мён Бак Оңтүстік Кореяға басшылық еткеннен бергі уақытта осымен Елбасымен жеті мәрте кездескен екен.

Білім мазмұнын жаңа міндеттерге сәйкес келтіру қажет - апталық шолу

«Қазақстан мен Корея арасындағы қарым-қатынастар Парламент, Үкімет, министрліктер мен ведомстволар, сондай-ақ іскер топтар деңгейінде тұрақты әрі қарқынды өсіп келеді. Президент мырзаның президенттік қызметін атқарған кезінде біз осымен жетінші мәрте кездесіп отырмыз. Біздің кездесуімізде 2009-2011 жылдардағы өзара сапарлар барысында қол жеткізілген келісім-шарттардың барлығының орындалуы барысы нәтижелерін жоғары бағаладық», - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада Оңтүстік Корея Президентімен болған келіссөздерден кейінгі баспасөз мәслихатында.

Осы келелі келіссөздер барысында мемлекет басшылары халықаралық қауіпсіздік, өңірлік тұрақтылық саласында өзекті мәселелерді, сондай-ақ, ядролық қарусыздану және таратпау мәселесі талқыланғанын сөз етті. Белгілі болғандай, Қазақстан мен Корея Республикалары арасында Уақытша еңбек қызметі жөніндегі келісімге қол қою мәселесі қаралған екен. Сонымен қатар Ли Мён Бак осы сапар барысында шағын және орта бизнес деңгейінде ынтымақтастықты нығайту келісілгенін,осы орайда жақында шағын және орта бизнестің өкілдері Қазақстанға келіп, қазақстандық тараппен келіссөздер жүргізетінін жеткізді.

Ақордадағы келіссөздерден кейін мемлекет басшылары Балқаш Жылу электр стансысының 1-ші модулінің құрылысын бастау рәсіміне қатысты. «Бүгін біз Қазақстан үшін өте маңызды нысанның құрылысын бастауға рұқсат ету үшін жиналдық. Бұл бірнеше млрд.-таған қаржының жобасы. Ол өте маңызды, негіз құраушы нысан болып табылады», -  деді Мемлекет басшысы өз сөзінде.

Сонымен қатар еліміздің оңтүстік өңірлері әсіресе қыс кезінде электр энергиясының тапшылығына душар болатындығын, бұл ретте Балқаш ЖЭС-і осы олқылықтың орнын толтырып, аталған өңірді энергия тәуелділігінен азат етуге мүмкіндік беретіндігін баса айтқан ҚР Президенті: «Бүгін біз Балқаш ЖЭС-і құрылысын бастаймыз. Барлық жобаның дайындық жұмыстары жүргізілді, технология іріктелінді. Бұл үздік "жасыл" технология болады, корей тарабының қуаттауынша, бұл бүкіл әлем электр стансыларының құрылысына үлгі болады», - деді.

Елбасы бүгінде Корея мен Қазақстанның өзара қарым-қатынасы стратегиялық деңгейге көтеріліп отырғандығын,  Посткеңестік кеңістіктегі Оңтүстік Кореяның ең мол инвестициясы Қазақстанға салынғанын тілге тиек етті.  Атап айтқанда, жаңа жобалар портфелі 8 млрд. доллардан асып жығылады, оның ішінде Балқаш ЖЭС-і, батыстағы газхимия кешені, оңтүстіккорейлік автомобильдер құрастыру, «жасыл» энергетика құру жобалары бар.

***

Осы өтіп бара жатқан аптадағы Үкімет отырысында «Оқушылардың функционалды сауаттылығын дамыту жөніндегі 2012-2016 жылдарға арналған Ұлттық іс-қимыл жоспарының орындалу барысы туралы» ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов баяндама жасады.

 «Білім мазмұнын жаңа міндеттерге сәйкес келтіру қажет. Біз бірқатар бағыттар бойынша алға жылжып келеміз. Атап айтқанда, педагогтарды даярлау мен біліктілігін арттыру, Е-learning жүйесі мен оқытудың жаңа технологияларын енгзіу және тағы басқалары», - деді ол.

Дегенмен миинстрдің сөзіне қарағанда, еліміздің мектептерінде оқытылатын барлық оқулықтарға жасалған талдау тіпті жаңа оқулықтардың өзі ескі әдістеме бойынша жазылғандығын көрсеткен. Ал оларды жаңа міндеттерге сәйкес өзгерту қажет. Ол қыруар қаржыны қажетсінеді. Авторларды, әдіскерлерді, баспа мен сараптау жүйесін жаңаша дайындау керек екен. Соның негізінде, жеке тұлғаға бағытталған оқытуды қамтамасыз ететін жаңа форматтағы оқулықтарды әзірлеу қажет. Сондықтан «Дамытылатын оқулықтар» жобасы іске аса бастаған көрінеді.

Министрдің баяндамасынан белгілі болғандай,  Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесін тарату 35 мектепте басталады. Елімізде оқушылар мен мұғалімдердің субъектілік рөлін дамытуға бағытталған жаңа педагогикалық технологияларды енгізу басталғандығына тоқталған министр, «осы орайда, барлық білім жүйесінде Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесін таратудың маңызы зор. Бұл жұмыс ең алдымен 35 ілкі мектептен басталады. Кембридж университетімен бірлесіп әзірленген оқу бағдарламалары, жоспарлар мен әдістемелер енгізіледі», - деді. Осылайша Қазақстанда 12 жылдық оқытудың методологиясы мен оның мазмұнының негізі қаланатын болады.

Бұдан бөлек, Қазақстанда оқушылардың оқу нәтижелерін бағалау жүйесі жаңартылады екен. Функционалды сауаттылықты дамыту білім-түсіну-қолдану-жүйелеу және жинақтау сияқты өлшемдер бойынша оқу жетістіктерін бағалаудың жаңа тәсілдері талап етеді.  Бұл орайда Б.Жұмағұлов қазіргі уақытта елімізде мектеп оқушыларының білім деңгейін бағалауда қолданылып жүрген жүйедегі 5, 4 және 3 бағалары не үшін қойылатындығы нақты анықталмағандығын баса айтты. «Сондықтан да біз мектептердегі барлық сыныптар үшін барлық пәндерде әртүрлі деңгейдегі бақылау тапсырмалары жүйесін құруды қолға алдық», - деді министр.

Сонымен қатар министр ҚР Білім және ғылым министрлігі балаларды ата-аналарымен бірлесе оқытып, тәрбиелеуді көздеп отырғандығын айтып өтті. Функционалды сауаттылықты дамыту тетіктерінің бірі балаларды оқыту мен тәрбиелеуге ата-аналардың белсенді қатысуы екендігіне тоқталған ол: «Бұл үшін жаңа әдістемені әзірлеуге кірістік. Осы әдістеменің негізінде ата-аналарға арналған семинарлар мен тренингтер өткізіледі», - деді. Министрдің сөзіне қарағанда, жоғарыда аталған жұмыстарға үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтық қауымдастықтың басқа да секторлары белсенді тартылатын болады.

«Жақында министрлік жанынан білім беру саласындағы қоғамдастықпен байланыс жөніндегі кеңес құрылды. Оның құрамына Парламент депутаттары, танымал ғалымдар мен қоғам қайраткерлері, бизнес және үкіметтік емес ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері кірді. Кеңестің бірінші отырысында ең жауапты мәселелер, оның ішінде функционалды сауаттылықты дамыту мәселесі талқыланды», - деді ол.  Алдағы уақытта аймақтық деңгейде осындай кеңестер ашу қажет. Олар қоғам мен білім саласының өзара байланысын жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік берер еді.

*** 

Осы аптадағы Үкімет отырысында ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі еліміздің стратегиялық нысандары мен қауіпті аймақтарындағы төтенше жағдайларды құлақтандырудың заманауи технологиясын енгізіп жатқандығы айтылды.

 «Мәселен, Көксарай су реттегішінде бөгеттің барынша жауапты учаскелерінде мониторинг  құралдары енгізілген. Медеу мен Шымбұлақтың №9 көшкін жинағышында қар көшкінінің жай-күйін бақылаудың автоматтандырылған жүйесі енгізілді. Ол көшкін жүргенге дейінгі тәулікте нақтылаған сипаттағы ақпарат береді», - деді ведомствоның басшысы Владимир Божко. Министрдің сөзіне қарағанда, АҚШ, Қытай, Корея, Ресей және Беларусь елдерінің тәжірибесін ескере отырып, министрлік отандық кәсіпорындармен қазақстандық кәсіпорындар базасында құлақтандыру жүйесі аппаратураларының өндірісін жолға қою мәселесін шешуде.

Сонымен қатар министр Қазақстан елді мекендерінің төтенше жағдайлар барысында хабар алу мүмкіндігі жоқ екенін ескеріп өтті.

 «Статистика агенттігінің мәліметтеріне сәйкес, 2012 жылдың басында ауыл халқының саны 7,5 млн. адамды немесе халықтың 45 пайызын құрайды. Дегенмен қазіргі қолданыстағы орталықтандырылған құлақтандыру жүйесі бастапқыдан-ақ бейбіт және соғыс кездерінде ірі қалалар мен өнеркәсіп нысандарына қызмет көрсетуге арналған әрі ауылдық елді мекендерді қамтымайды», - деді ол.  Осы орайда В.Божко Қашаған, Теңіз, Қарашығанақ сынды мұнай және газ кен орындарына тақау орналасқан елді мекендерде алаңдаушылық бар екенін айтты. Осы аймақтарда орналасқан ауылдарды техногендік сипаттағы төтенше оқиғалар орын алғанда құлақтандыратын мүмкіндіктер жоқ.

Өз кезегінде ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай төтенше оқиғалар кезінде нақтыланған ресми ақпараттарды жедел тарататын мемлекеттік БАҚ-тарды атады. «Халыққа төтенше жағдайлар бойынша өкілетті органдар ұсынатын  нақтыланған ресми ақпараттар ғана жеткізіледі. Ол тікелей республикалық, ең алдымен мемлекеттік БАҚ-тар арқылы таратылады, сонымен қатар жергілікті органдардың көмегімен өңірлік БАҚ-тар арқылы беріледі. Бұл орайда барлық мемлекеттік және мемлекеттік емес ақпараттық ресурстар қолданылады. Бұл әлеуетті аудиторияны шамамен 98 пайызға қамтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ «ҚазАқпарат» ұлттық ақпарат агенттігі мен «Bnews» ақпарат агенттігі қолданылатын болады», - деді ол бүгін Үкімет отырысында.

Осы орайда ведомство басшысы жауапты мемлекеттік органдар берген ресми ақпараттарды халыққа шұғыл жеткізу үшін тәулік бойғы режімде байланыста болатын республикалық журналистік пул құрылғанын жария етті.