Білім министрі: Қазақстанның ЖОО-лары енді 6 жіктеуге бөлінеді

Қазақстандағы білім мен ғылымды дамытудың жай-күйі мен келешегін талқылау үшін бүгін елдегі дипломатиялық миссиялар, халықаралық ұйымдар мен шетелдік бизнес-құрылымдар өкілдерімен кеңес өткізген ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов, ЖОО-лардың жаңаша жіктеуін енгізуге байланысты Қазақстанның жоғары білім беру жүйесінде түбегейлі өзгерістер жасалып жатқандығын атап көрсетті.
«Енді 6 жіктеу болады: ұлттық зерттеу университеттері, ұлттық ЖОО-лар, зерттеу университеттері, университеттер, академиялар және институттар. 2015 жылға қарай біз 2-3 зерттеу институтын құруды жоспарлап отырмыз», - деді министр.
Ведомство басшысы өз сөзінде сондай-ақ, 20 жыл ішінде алғашқы рет Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен «Студенттік баспана» бағдарламасы іске қосылып жатқанын атап өтті. Оның шеңберінде Алматыда 20 мың студентке, Астанада 10 мың студентке арналған жатақханалар салынатын болады.