Білім саласының бесжылдық бағдарламасы елдің даму мақсаттарына толық жауап береді

АНА. 26 мамыр. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бәсекелестік шарттарының басты міндеті адами капиталға инвестицияны үдетуге негізделетіні айқын.

Білім саласының бесжылдық бағдарламасы елдің даму мақсаттарына толық жауап береді

Сондықтан да, Мемлекет басшысы алдағы жылдары білім саласына бағытталған инвестицияның басты мәселе болып қала беретінін бірнеше мәрте айтып өткен болатын. Жалпы, бүгінгі қазақстандық дамуда әлеуметтік саясаттың негізгі үштұғыры бар екендігі анық. Бұлар ‑ білім беруді сапалы жаңғырту, денсаулық сақтау жүйесінің тиімді қызметін арттыру және еңбек ресурстарының оңды саясатын жүргізуге негізделеді. Сондықтан да, даму деңгейіне қатысты Қазақстандағы білім мен ғылымның даму барысы мемлекеттік саясаттың басым бағытының біріне айналып отырғаны айқын. Ал осындай басымдық нәтижесінде Қазақстан белгілі бір жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Жуырда Парламент Мәжілісінде осы тақырыпта Үкімет сағаты өтіп, онда ҚР Білім және ғылым министрі еліміздің білім саласындағы жағдай мен келешектегі бағдар туралы әңгімелеген болатын.

Министрдің келтірген мәліметіне сәйкес, Қазақстан Білім беруді дамыту индексі бойынша соңғы 3 жылда 129 елдің арасында төртінші орынға көтерілген. Бұл көрсеткіш бойынша еліміз ТМД елдерінің арасында ең алдыңғы орында тұр. Сонымен қатар алғаш рет 2009 жылы Қазақстан адам дамуының индексі бойынша жоғары деңгейлі елдердің тізіміне 82-орынмен енген болса, араға бір жыл салып 2010 жылы еліміз осы көрсеткішті бірден 16 ұстанымға жақсартып, 66- орынға шықты. Бұдан бөлек, Қазақстан Еуропалық білімнің Болон процесіне толық мүше болған Орталық Азиядағы бірінші мемлекет екендігі белгілі. Әрине, бұның баршасы ең алдымен мемлекеттік саясаттағы бюджеттік бетбұрыстың арқасында болып отырғаны анық. «2011 жылы білім беруді дамытуға жұмсалатын мемлекеттік бюджет шығыстары 898,8 млрд. теңгені құрайды. Бұл - Ішкі жалпы өнімнің 4,2 пайызы. Осылайша, біз ЮНЕСКО ұсынған 5-6 пайыздық нормаға жақындап келеміз. Бүгінде Мемлекет басшысы қойған міндеттерді жүзеге асыру үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған», ‑ дейді министр. Мәселен, бұған дейін білім саласын заңнамалық жетілдіруге, ғылым жүйесін дамытуға бағытталған заң жобалары қалыптасып, құқықтық база жетілді. Елбасы Жарлығымен Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Жиын барысында ведомство басшысы аталған бағдарламаның негізгі бағыттарына кеңінен тоқталып өтті. «Бұл бағдарлама жаңашылдығымен, болашақты жоспарлауымен ерекшеленеді. Ол әлемдегі озық тәжірибелерге сүйеніп жасалды. Сондықтан еліміздің даму мақсаттарына толықтай жауап береді. Бағдарламаның алғашқы 5 жылдық кезеңіне қазіргі мөлшеріне қосымша 461,1 млрд. теңге бөлу көзделді. Биыл қосымша тағы да 22,5 млрд. теңге бөлінді. Бірінші кезекте мектеп құрылысына 11,6 млрд. және мұғалімдердің жалақысын көбейтуге 5,4 млрд. теңге жұмсалады», ‑ дейді Б. Жұмағұлов. Сонымен қатар Мемлекет басшысы өзінің халыққа Жолдауында балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен 100 пайыз қамту мақсатын жүктеген болатын. Осы міндет аясында алдағы 3 жылда 90 балабақша салыну көзделеді. Бұдан бөлек, 2015 жылға дейін 615 шағын орталық пен 163 жекеменшік балабақша ашылады. Бұрын жекеменшікте болған 118 және коммуналдық меншіктегі ғимараттарды босату есебінен 154 балабақша қайтарылады.

Білім министрінің айтуынша, мемлекеттік бағдарламада педагог беделін көтеруге ерекше көңіл бөлініп отыр. Бұл - мамандарды сапалы даярлауда қажетті шарттардың бірі. «Аталған жұмыс үш бағыт бойынша жүргізіледі. Біріншіден, мұғалімдердің жалақысын арттыру. Бағдарламада 2015 жылға қарай педагогтердің орташа жалақысын жеке сектордағы еңбекақыға теңестіру жоспарланды. Осы жылы барлық бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысын 30%-ға көбейтумен қатар, педагогтерге қосымша үстемеақы беріледі. Ал 1 қыркүйектен бастап жоғары категориялары бар мұғалімдер мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының шеберлері біліктілігі үшін лауазымдық жалақысынан 100 пайыз көлемде қосымша ақы алатын болады», ‑ дейді Б. Жұмағұлов.

Бұдан бөлек, министрдің айтуынша, министрлік тарапынан педагогтер біліктілігін арттырудың жаңа жүйесін көшу шарасы жүргізілетін болады. Бұл ретте алдағы уақытта қазақстандық педагогтер қайта даярлаудан өту үшін қалаған оқу орнын, тіпті шетелдік орталықтарды да таңдау мүмкіндігіне ие болады. Бұл ретте ведомство басшысы ұстаздарды даярлау мен қайта даярлаудың сапасы өте төмен екендігіне назар аударады. «Сондықтан, педагогикалық жоғары оқу орындарына кадр даярлауға қойылатын талаптарды күшейтеміз. Педагогикалық мамандықтарға неғұрлым талантты жастарды тарту үшін ынталандыру шараларын арттырамыз. Бұдан бөлек, «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің» базасында Педагогикалық шеберлік орталықтарын, педагогикалық жоғары оқу орындарында біліктілікті арттыру орталықтарын құру жоспарда бар. Біліктілікті жетілдіру институттарын корпоративті басқару жүйесін енгізетін боламыз», ‑ дейді министр. Ал жалпы педагогтердің имиджін көтеру министрліктің басты міндеті болып қала береді. Министр Б. Жұмағұловтың бағлдарлама шеңберінде атап өткен тағы бір жаңалығы ‑ техникалық және кәсіптік білім беруде жаңа модель енгізіледі. Жаңа модель жұмыс берушілерді белсенді тартуға, үздік әлемдік тәжірибені қазақстандық білім жүйесіне қолдануға негізделген. Бұл ретте жұмыс берушілердің қатысуымен Өңірлік және Салалық кеңестер, бизнес-қауымдастықтардың қатысуымен Ұлттық кеңес құрылды. Жаңа моделді іске асыру үшін 7 базалық ұйым таңдалып алынған. Бұлар Аймақаралық орталықтар және Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құрылатын әлемдік деңгейдегі колледждер болы табылады. «Бұдан былай мемлекет есебінен студенттер жыл сайын 1 семестрден 1 жылға дейін үздік жоғары оқу орындарында оқи алады. Бұл үшін 200 млн. теңге бөлінеді. Мұндай тәсіл әлемдік практикада жоқ деп айтуға болады. Шетелдік оқытушыларды тарту мәселесі де оқу сапасын арттыруға маңызы зор. Біз бұрын, 2005 жылы, жыл сайын тек қана 40 шетелдік профессорды тартсақ, осы жылы олардың саны 300-ге жетті. Олардың әрқайсысы ұзақтығы 10 айдан жұмыс істейтін болады. Қаражат 2005 жылғы 265 млн. теңгеден осы жылы 2,5 млрд. теңгеге, яғни 10 есеге өсті. Ал Елбасының тапсырмасына орай студенттерді жатақханамен қамту мәселесіне бағытталған 2011-2015 жылдарға арналған «Студенттік баспана» бағдарламасын әзірленді. Бұл бағдарлама 2015 жылы жоғары оқу орындарының студенттерін жатақханамен қамтамасыз етуді 80 пайызға жеткізеді», ‑ дейді министр.

Жалпы, жаһанданудың бәсекелестік заманында, ақпараттық‑технологиялардың жарыса туындап жатқан ғасырында бірінші кезекте адамның «ақыл ойына» көп күш салынатыны белгілі. Сонымен бірге, бәсекеге қабілеттілік деңгейін айқындайтын негізгі өлшемдердің бастылары да білім саласымен тікелей байланысты екені анық. Сондықтан да, Қазақстанның алдағы басым міндеттері білім саласы болып қала бермек.