18:45, 10 Ақпан 2009 | GMT +5
Білім және ғылым министрі Қазақстан студенттері альянсының белсенділерімен кездесті
АСТАНА. Ақпанның 10-ы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін ҚР Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев Қазақстан студенттері альянсының көшбасшыларымен кездесті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Министрмен жүздесуге 2008 жылы «Студенттік омбудсмен» жобасын жүзеге асыру барысында аймақтардағы барлық жоғары оқу орындарында сайланған белсенді студенттер жиналды. Оның атап көрсеткеніндей, Қазақстандағы студенттердің саны мен олардың қоғамдағы рөлі өте жоғары. Олардың әрбір 1 мың адамға шаққандағы саны бойынша Қазақстан дамыған елдердің қатарында тұр. Ж.Түймебаев қазақстандық дипломдардың шет елдерде мойындалуы бағытында бірқатар шаралар атқарылып жатқанын тілге тиек етіп, бүгінде университеттердің халықаралық деңгейдегі аккредитациясы жасалып жатқанын атап көрсетті. Қазір де ондай аккредитацияға Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті (7 мамандық бойынша) мен Қазақ Мемлекеттік сәулет академиясы (архитектура мамандығы бойынша) ие болып отыр. Тағы бес ұлттық университет одан өтуге дайындық жүргізу үстінде. «Соңғы жылдары республикада ЖОО-ның саны 3 есеге, ал олардың филиалдарының саны 30 есеге артты. Өкінішке қарай, сандық көрсеткіш сапаға сай келмеді. Сондықтан ЖОО-ның жұмысын оңтайландыру қолға алынды. Мәселен, осы уақытқа дейін сапасыз білім беріп келген 36 университет, олардың 58 филиалы (өткен жылы тағы 18 филиал) жабылды. Оңтайландырудың екінші кезеңінде оқу орындарында мамандықтар саны қысқартылды. Анықталғандай, ЖОО-ның 100-і ? экономика, 60-ы - заң және 20-сы ? журналистика мамандықтары бойынша білім береді. Ал олардың барлығы да аталмыш мамандықтар бойынша сапалы білім бере алады деп сеніммен айта алмаймыз», - деді ол.