Білім және ғылым вице-министрі университеттердің жатақханаларында шағын балабақшалар ашуды ұсынды

АСТАНА. 29 қаңтар. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - ҚР Білім және ғылым вице-министрі Махметғали Сарыбеков университеттер жатақханаларының базасында шағын балабақшалар ашуды ұсынды.

Білім және ғылым вице-министрі университеттердің жатақханаларында шағын балабақшалар ашуды ұсынды

Бүгін вице-министр, Президент Н.Назарбаевтың «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын түсіндіру мақсатында Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде болды.

М.Сарыбеков, Елбасы биылғы Жолдауын елдің болашағы мен келешегі - жастарға арналғанын атап өтіп, стратегиялық құжат - университет қабырғасында сапалы біліммен қатар, тәлім-тәрбие алып, жан-жақты дамыған тұлға, білімді маман ретінде қалыптасуға үндейтіндігін айтты.

«Тәрбие тал бесіктен басталады», деп министр өз сөзін, балабақшалардағы орын тапшылығын жою мақсатында жүзеге асырылып жатқан «Балапан» бағдарламасының негізгі міндет-мақсаттарын түсіндіруден бастады.

Н.Назарбаев өз Жолдауында атап көрсеткендей, 2010 жылдың өзінде бағдарлама аясында 35балабақша,1534шағын ор­та­лық пен137жеке меншік балабақшалар салынды. Бұрын жекешелендіріліп кеткен мек­теп жасына дейінгі балалар мекемелерін қай­тару есебінен 172 балабақша ашылды.

Вице-министр, Бағдарлама шеңберінде балабақшаларды ашу процедуралары жеңілдетілгенін, соның ішінде жеке меншік секторға жіті назар аударылып отырғанын қадап айтты.

«Жеке меншік сектор даму үшін Білім министрлігі тарапынан үлкен жұмыстар атқарылуда. Біріншіден, меншік түріне қарамай мемлекеттік тапсырысты барлық балабақшаларда орналастырудамыз. Екіншіден, санитарлық нормалар мен ережелер жеңілдетілді. «Балапан» бағдарламасы алғашқы жылдары шағын балабақшаларды ашуға бағдарланған. Олар қазір тұрғын үйлердің бірінші және екінші қабаттарында, мектептер мен жоғары оқу орындарының, кәсіпорындардың базасында құрылуда. Сондықтан, университетке де осындай шағын орталықтарды ашу жөнінде ойлануды ұсынамын», - деді ол.

Министрдің айтуынша, бұл ЖОО-ның өз қызметкерлері мен педагогтарына, әсіресе балалары бар жас отбасыларына тиімді болады. Оның сөзіне қарағанда, мұндай тәжірибені бүгінде Арқалық қаласындағы оқу орны пайдаланып отыр.

Ведомство басшысының орынбасары сондай-ақ, орта біліммен қамтамасыз ету, елдегі жоғары білім беру үрдістерін еуропалық стандарттар мен сапаға сәйкестендіру мақсатындағы мемлекеттің жүргізіп отырған саясаты туралы, соның ішінде «Назарбаев университеті» мен Тұңғыш Президенттің зияткерлік мектептері жайында баяндады.