Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Білімді жастар - бәсекеге қабілетті елдің кепілі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматы облысына болған жұмыс сапары барысында Талдықорған қаласындағы құрылысы жаңадан біткен Оқушылар сарайымен танысты.

 Білімді жастар - бәсекеге қабілетті елдің кепілі

Еліміздің ертеңі - жас ұрпақтың білімді, жан-жақты жетілген азамат болып қалыптасуы жолында жасалып отырған қамқорлықтың бір көрінісі ретінде Талдықорған қаласында жаңадан салынып, пайдалануға берілген Оқушылар сарайын айтуға болады. Жалпы ауданы 13 мың шаршы метрден асатын ғимараттың инфрақұрылымы шеберхана, зертхана, көрме және мәжіліс залдарын, сондай-ақ музей, медиатека, дыбыс жазу студиясы мен обсерваторияны қамтиды.

Жас өркеннің қиялына қанат бітіріп, асқақ арман мен асқаралы биіктерге ұмтылдыратын осынау орталыққа Мемлекет басшысы арнайы ат басын бұрып, биология, физика кабинеттерін, техникалық шығармашылық көрмесін, хореография және үлкен концерт залдарын аралап көрді, көркемөнер галереясындағы суреттер экспозициясымен танысты. Сондай-ақ балалардың ән-би өнерін тамашалаған Елбасы жеткіншектермен және олардың ата-аналарымен әңгімелесіп, шығармашылық табыс пен бақ-береке тіледі.
Соңында Мемлекет басшысы Оқушылар сарайына жайлы автобус тарту етті.
Бұдан кейін Елбасы Жастарға қызмет көрсету орталығында болып, өңірдегі жастар саясатының негізгі бағыттарымен және басты мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылу барысымен танысты. Орталық жастар өмірінің кең ауқымды мәселелерін қамтиды, соның ішінде тұрмысы нашар және көпбалалы отбасыларға көмек көрсе­теді.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы көпбейінді залды аралап көрді, онда Талдықорған мен Нұркент қалалары дамуының бас жоспарларымен, сондай-ақ Жаркент - Қорғас агломерациясы дамуының кешенді жобасымен танысты.
Мемлекет басшысы қала тұрғындарының мәдени-көпшілік демалысы үшін барынша қолайлы жағдай жасаудың маңыздылығына назар аударды. Осы ретте Нұрсұлтан Назарбаев қалалық «Жастар» саябағындағы жаңарту және абаттандыру жұмыстарының барысымен танысып, жұртшылық өкілдерімен кездесті.
- Облыстың шекара бойында орналасуы эко­номиканың көлік-логистика және электр энергетикасы салаларын дамыту қажеттігін талап етеді. Бүгінде мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылып, менің тапсырмаларымды облыс әкімінің тиянақты орындауының арқасында бұл салалар қарқынды дамуда. Өңірдің әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асырудағы табыстарын да айтпай кетуге болмайды. Сонымен бірге халқымыздың тәуелсіздік жылдарындағы басты жетістігінің тағы бірі - бейбітшілік пен ұлтаралық келісімнің сақталуы деп санаймын, - деп атап өткен Нұрсұлтан Назарбаев облыс жұртшылығына зор денсаулық және еңбектеріне табыс тіледі. 
Өз кезегінде қала тұрғындары облысқа қам­қорлығы және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тиімді мемлекеттік саясаты үшін Елбасыға ризашылықтарын білдірді.

Мемлекет басшысы Алматы облысына жұмыс сапарының қорытындысы бойынша бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін брифинг өткізді.

Елбасы қаланың абаттандырылуы жақсара түскеніне тоқталды.
- Жаңа әлеуметтік инфрақұрылым нысан­да­­рының пайдалануға берілуі еліміздің тәуел­сіздігінің 25 жылдығы қарсаңында қала тұр­ғындары үшін тамаша сыйлық болды. Индустрия­ландыру бағ­дарламасы мен «Нұрлы жол» бағдарламасының одан әрі іске асырылуы экономикамыздың дамуына, соған орай халықтың тұрмыс деңгейінің артуына септігін тигізеді, - деді Мемлекет басшысы.

Өңірде жүзеге асырылып жатқан индустриялық-инновациялық және әлеуметтік маңызды жобалар ел экономикасы мен әлеуетіне мол үлес қосатыны брифингте нақты айтылды.