Былқылдақтағы сынап қалдықтарынан Ертіске қауіп бар ма

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Еліміз бойынша сынаппен ластанған ең ірі аумақ Павлодар қаласының солтүстік өнеркәсіп аймағында орналасқанын екінің бірі біле бермейді. Аумақтағы топырақ қабаты мен Былқылдақ көлінде жылдар бойы шамамен 900 тоннадай сынап жиналған.

көл
Фото: total.kz

Қауіпті химиялық элементтің Ертіс өзенінің суымен араласып кету ықтималдығы туралы мамандар талай мәрте ескерткен. Соған орай аумақ өңірдегі экологиялық өзекті мәселенің біріне айналып тұр. Соңғы 20 жылда мұнда кешенді жұмыстар қолға алынып, «Жер қабатындағы қабырға» жобасы жалғасып жатыр.

Түсініктірек болуы үшін айтып өтейік, «Химпром» деп аталған павлодарлық зауыт 1975-1993 жылдар аралығында жұмыс істеген. Сынапты пайдалана отырып каустикалық сода мен хлор шығарған қауіпті өндірісте 82 электролизер болған.

28 жыл ішінде кәсіпорыннан топырақ қабатына шамамен 1 350 тонна сынап түскен деп шамаланады. Бірақ бұл нақты сан емес. Зиянды зауыт жабылған соң онда құрамында сынап бар қалдықтар мен топырақ полигондары, электролиздер мен өндіріс суын жинайтын су қоймалары анықталды.

Сол уақытта мемлекет билігінің алдында халық денсаулығын қорғау және өңірдегі экологиялық ахуалды тұрақтандыру мәселелері тұрды. Қоғам тарапынан бұған байланысты наразылық та күшейіп, жылдар бойы жиі талқыланған тақырыпқа айналды. Ал Былқылдақ көлі сол зиянды қалдықтардың ордасына айналған.

Былқылдақ көлі мен оның айналасындағы бүгінгі экологиялық ахуал қандай?

Біз бұл сауалды Экология және табиғи ресурстар министрлігіне жолдап, төмендегідей жауаптар алдық:

— Сынаппен ластану проблемасын шешу — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылы Павлодар облысына жұмыс сапары барысында берген басым тапсырмаларының бірі. Соңғы 20 жыл ішінде аталған аумақта жүйелі жұмыстар ұйымдастырылды. Ластану ошақтарына мониторинг (атмосфералық ауаның, жер үсті және жер асты суларының, топырақтың және т. б. жағдайын бақылау), бұрғылау және қосымша бақылау ұңғымаларын орнату жүргізіліп келеді.

2016 жылы отандық және халықаралық сарапшыларды тарта отырып, Павлодар қаласының Солтүстік өнеркәсіптік аймағының демеркуризация және сынаппен ластану объектілерін оңалту жөніндегі тұжырымдама әзірленді. Тұжырымдама қысқа мерзімді, орта мерзімді және ұзақ мерзімді міндеттерді кезең-кезеңімен шешуді ұсынады, бұл бірқатар ұйымдастырушылық және техникалық шараларды көздейді. Яғни ауыр металды тежеу — басты мақсат.

2017 жылы сынап мониторингі бағдарламасы түзетіліп, атмосфералық ауаның, топырақтың, жерасты және жерүсті суларының, қар жамылғысының жай-күйін бақылау, балықтар әлемі пен суда жүзетін құстардың биологиялық үлгілерін, «Каустик» АҚ-да жұмыс істейтін адамдардың шаш үлгілерін талдау енгізілді.

2019 жылы жер асты суын іріктеу үшін қосымша 41 бақылау ұңғымасы бұрғыланды.

2021 жылы жергілікті жер бедері бойынша Былқылдақ жинақтағышына түсетін атмосфералық жауын-шашынды бұру үшін дренаждық арық орнату бойынша жұмыстар жүргізілді.

Ал 2022 жылы сынаппен ластанған учаскелерді картаға түсіру жұмыстары аяқталды, сынаппен ластану дерекқоры әзірленді.

Бұдан бөлек, биыл 2026-2030 жылдарға арналған сынап мониторингі бағдарламасына түзету жүргізілетін болады, — делінген министрлік жауабында.

Аталған мониторингті биыл аккредиттелген сынақ орталығы — «Gio Trade» ЖШС жүргізуде. Компания мәліметінше, олардың мамандары биыл 75 атмосфералық ауа, 24 топырақ, 16 жерүсті сулары, 10 қар жамылғысы, 509 жерасты сулары сынамаларын, құстар мен балық әлемін зерттеуді және 9 шаш сынамасын алуды жоспарлаған. Сондай-ақ 15 бақылау ұңғымасын қалпына келтіру көзделген.

Бұл жердегі негізгі қауіп көзі — Былқылдақ көлі (су жинақтағышы). Ол 1973 жылы Былқылдақ және Шөптікөл көлдерінің орнында сарқынды суларды жинақтау мақсатында құрылған.

Аумағы шамамен 2,1 гектардан асатын су жинақтағыш бұрынғы химиялық зауыттың орнына жайғасқан «Каустик» АҚ-ға 2030 жылға дейін жалға берілген.

Ресми деректерге сүйенсек, өнеркәсіптік аймақта бұрынғы № 6 сорғыдан Былқылдаққа дейінгі автожолдың батыс жағынан «Жер қабатындағы қабырға» — сүзгіге қарсы пердесінің құрылысы аяқталған.

көл
Фото: time.kz

Бұл сынап қалдықтары жиналған арнайы орындардағы улы элементтер Ертіс өзені мен жақын маңдағы ауылдарға жетпеуі үшін тұрғызылған. Әлгі жер астындағы қабырғаның тереңдігі 8-15 метрді құрайды.

Сынапты тұмшалап қоюға арналған қабат түзу үшін әуелі ұзын орлар қазылған. Одан соң шұңқырларға сазды балшық пен тиксотропты сұйықтық төгілген. Нәтижесінде, жер астында ұзындығы 2,4 км химиялық улы зат өтпейтін қорғаныс пайда болған.

— Солтүстік өнеркәсіп аймағының демеркуризация және сынаппен ластану объектілерін оңалту жөніндегі тұжырымдамасын әзірлеу кезінде, әрі бұрын жүргізілген зерттеулердің негізінде Былқылдақ түбіндегі сынаптың көлемі шамамен 13,2 тонна деп бағаланды. Бірақ сынаптың жерасты суларына араласуы ықтималдығын анықтау үшін қосымша зерттеулер қажет. «Жер қабатындағы қабырғаның» тиімділігін бақылау үшін 25 бақылау ұңғымасы бұрғыланды. Олар арқылы тұрақты мониторинг жүргізілуде. Сынаптың Ертіс өзеніне жету қаупі байқалмайды. 2022 жылдан бастап өзеннің жоғары арнасы — Абай облысымен шекарада, төменгі бөлігі — Ресей Федерациясымен шекарадағы аумақтарда мониторинг жүргізіледі. Соңғы 3 жылдағы сынамалар сынаптың болуын анықтаған жоқ. Бұл трансшекаралық сипаттағы қауіптің жоқтығын көрсетеді. Өзен суының сапасы өңір бойынша 9 арнайы бекетте тексеріледі. Қазгидрометтің Павлодар филиалы тұрақты гидрохимиялық мониторингін жалғастыруда. Мәселен биылғы алғашқы бес айдың қорытындысында еліміздегі ең ұзын су артериясындағы сынаптың мөлшері 0,00001 мг/дм3 болды. Бұл барлық қауіпсіздік нормативтеріне сай келеді, — деп келтіреді Экология және табиғи ресурстар министрлігінің ресми жауабында.

«Каустик» АҚ сарапшыларының ақпарынша, бұрынғы химиялық зауыттың аумағында жалпы көлемі 900 тонна сынап қалдықтары бар. Оның басым бөлігі өндірістік қалдықтарға арналған арнайы полигон ошақтарында көмілген.

Өкінішке қарай, ондағы сынаптың жерасты суларымен араласу мүмкіндігін зерттеуге ден қойылмай отыр.

Былқылдақ көлінің және оның айналасындағы аумақтың мәселесімен Павлодар облысының құзыретті басқармалары шұғылданады.

Өңір басшылығы жыл сайынғы қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес, Ертіс өзеніне сынап қалдықтарының түспеуін қамтамасыз ететін жұмыстарды тұрақты жүргізіп келеді.

Көл маңайындағы 4 бақылау нүктесінде топырақ сынамалары алынып, барлығында рұқсат етілген шекті концентрацияның артуы байқалмаған. Яғни ең көбі 0,18 мг/кгд-ы көрсеткен. Қолданыстағы норматив — 2,1 мг / кг.

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Павлодардағы Былқылдақ көлін сынаптан тазарту мәселесін көтерген еді. 

Соңғы жаңалықтар