Билли Джин Кинг кубогы: Колумбиямен матчта Юлия Путинцева Қазақстанды алға шығарды
АСТАНА. KAZINFORM — Аустралияның Брисбен қаласында теннистен Билли Джин Кинг кубогының іріктеу турнирінде Қазақстан мен Колумбия құрамалары кездесіп жатыр.

Бірінші болып кортқа Қазақстанның екінші, әлемнің 23-ракеткасы Юлия Путинцева мен дүниежүзілік рейтингіде 804-орында тұрған 18 жастағы Валентина Медиорреал Ариас шықты.
Қазақстандық теннисші қарсыласына дес бермей, 6:0, 6:1 есебімен ойсырата ұтты.
Небәрі 36 минутқа созылған бәсеке барысында Путинцева 1 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың алтауын пайдаланды. Ариас 1 брейкпен шектелді.
Осылайша, Ю.Путинцева Қазақстанды алға шығарды – 1:0.
Енді Елена Рыбакина мен Юлиана Лисарасо шеберлік байқасады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Билли Джин Кинг кубогында Қазақстан құрамасының Аустралияны ұтқанын жазған болатынбыз.