Билли Джин Кинг кубогы: Шымкентте жасөспірімдер құрамалары арасында іріктеу турнирі аяқталды
АСТАНА. KAZINFORM — Шымкент қаласында 16 жасқа дейінгілер арасында Билли Джин Кинг кубогы Азия – Тынық мұхит аймағы бойынша іріктеу турнирі мәресіне жетті.
Барлығы 16 команда бақ сынаған жарыстың соңғы күні Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Үндістанды жеңіп, жетінші орынға тұрақтады.
Үндістанмен матчта алдымен Тамина Сәкен Анандиту Упадхайды 6:2, 6:2 есебімен тізе бүктірді. Бұдан кейін Каролина Лигай Дженси Дипакбхай Канабарға есе жіберді – 2:6, 2:6.
Мәриям Нұржан мен Тамина Сәкен жұптық сында Дженси Дипакбхай Канабар – Анандиту Упадхаймен бәсекеде камбэк жасап, жеңісті жұлып алды – 3:6, 6:4, 10:6. Қорытынды есеп – 2:1, Қазақстанның пайдасында.
Финалда Жапония Оңтүстік Кореядан 2:0 есебімен айласын асырып, жарыс жеңімпазы атанды.
Аустралияны 2:1 есебімен ұтқан тайбэйліктер үздік үштікті түйіндеді.
Осы төрт команда қараша айында өтетін командалық әлем чемпионатына жолдама алды.
Қазақстандық құраманың ойыны жөнінде команда капитаны Ярослава Шведова өз пікірін білдірді.
- Біздің қыздар жақсы өнер көрсетіп, бар күшін салды. Бастапқыдан-ақ үздіктердің қатарында болмағандықтан, бәсекелер оңайға түскен жоқ. Соған қарамастан, қыздар әр матчта табандылық таныта білді. Ештеңемен алмастыруға болмайтын бұл үлкен тәжірибе оларға болашақта міндетті түрде көмектесетін болады, - деді Я.Шведова.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Билли Джин Кинг кубогының іріктеу турнирінде Қазақстан жасөспірімдер құрамасының плей-офф кезеңіне шыққанын жазған едік.
Сондай-ақ Юлия Путинцева Страсбург турнирін сәтті бастады.