Былтыр алтын ұрлығы мен заңсыз кен өндіруге қатысы бар 1400-ден астам адам ұсталды

АСТАНА. KAZINFORM – Ішкі істер министрлігі алтын ұрлығы мен заңсыз кен өндірудің жолын кесу бойынша жүйелі шараларды жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Polisia.kz.

в
Фото: ІІМ

Ведомство мәліметінше, Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында қала құраушы кәсіпорындардың, соның ішінде алтын өндіру секторындағы нысандардың тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар жүргізілуде.

Өткен жылдан бері республика бойынша алтын ұрлығы мен заңсыз кен өндіруге қатысы бар 1400-ден астам адам жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ заңсыз айналымнан 12 тоннадан астам алтын құрамды материал тәркіленген.

Биыл Жамбыл облысындағы «Ақбақай» тау-кен байыту комбинаты аумағында алтын құрамды кенді заңсыз өндіру, өңдеу және ұрлаумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Қылмыстық іс қазіргі уақытта сотта қаралуда.

Жедел іс-шаралар барысында кәсіпорын аумағына заңсыз кіру әрекеті дер кезінде тоқтатылып, Жамбыл, Ұлытау және Қарағанды облыстарының тұрғындарынан құралған топ ұсталды. Олар алтын құрамды материалды ұрлау арнасын жолға қоюға әрекеттенген.

Күдіктілерден қару-жарақ, ірі көлемдегі қаражат, байланыс құралдары және автокөліктер тәркіленді. Қазіргі таңда келтірілген залал көлемі анықталып жатыр.

Сонымен қатар кәсіпорынның күзет және қауіпсіздік қызметі өкілдерінің заңсыз әрекеттерге қатысы бар-жоғы тексерілуде.

ІІМ мәліметінше, қабылданған шаралар алтынның көлеңкелі айналымын азайтуға және елдің экономикалық қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік беріп отыр.

Айта кетейік, Ішкі істер министрлігі заң мен тәртіпті қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты жалғастырады.

Бұған дейін Қарағанды облысында пәтер ұрлығымен айналысқан қылмыстық топ ұсталғаны хабарланды.