Былтыр банктер «шыбық басын сындырмай» 3 триллион теңгеге жуық табыс тапты — Президент

АСТАНА. KAZINFORM — Былтыр банктер «шыбық басын сындырмай» 3 триллион теңгеге жуық табыс тапты. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

деньги, тенге, ақша
Фото: Александр Павский / Kazinform

— Жаңа инвестициялық кезеңнің тиімді жүзеге асуы көбіне қаржы секторының белсенді атсалысуына байланысты. Бүгінде еліміздің қаржы нарығындағы жиынтық активтердің 84 пайызы банк саласына тиесілі. Дегенмен бизнеске берілетін қарыз үлесі төмен деңгейде қалып отыр. Не бары 38 пайызды құрайды. Ал екінші деңгейлі банктер былтыр «шыбық басын сындырмай», еш қиналмай 3 триллион теңгеге жуық табыс тапты, — деді Мемлекет басшысы.

Президент банктер экономиканың негізгі қаржыландыру көзі ретінде өзінің заңды рөліне оралуы үшін жағдай жасау қажет деген талай рет айтылғанын еске салды.

— Бірақ сылтау таусылмайды. Нәтижесінде банк жүйесіндегі алаяқтық әрекеттерге куә болдық. Ірі, жүйе құраушы банктер мемлекет тарапынан орасан зор көмек берілгеніне қарамастан, дағдарысқа ұшырап, тура мағынасында 1 долларға сатылды, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы қазір банктердің өзіне тартатын қаржы ресурстарының құны жоғары деген әңгіме айтыла бастағанын атап өтті.

— Олардың экономиканы қаржыландыруына осы кедергі келтіріп отыр-мыс. Демек, экономиканы қолжетімді кредитпен қамтамасыз етудің жалғыз жолы — инфляцияны тұрақтандырып, деңгейін төмендету, содан кейін нарықтық мөлшерлемені азайту. Тағы да қайталап айтамын: бұл ретте Үкімет пен Ұлттық банктің жүйелі, үйлесімді әрі кәсіби тұрғыда жұмыс істегені маңызды. Халықаралық валюта қорының кеңесіне құлақ асып, түрлі терминологияны оңды-соңды қолдануға аса көп ақылдың қажеті жоқ. Аздап ойланып, тым болмаса көптеген түйткілді шешуге талаптанып көру, бұл — басқа мәселе, — деді Президент.

Бұған дейін Президент мемлекет жеке капитал рөлін өзіне алудан бас тартуы қажеттігін айтқан еді.

Соңғы жаңалықтар