Былтыр Павлодарда жетім қыздарды төсек қатынасына тартудың 8 дерегі тіркелген

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Жыныстық қол сұғылмаушылыққа қатысты қылмыстық деректердің бәрін прокуратура органдары сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркеген. 

Информацию о якобы изнасиловании 5-летней девочки прокомментировали в Алматинской области
Фото: pixabay

Өңірлік прокуратураның дерегінше, 2023 жылы Железин ауданында ер адам жетім қызбен төсек қатынасына түсіп, кейін қылмысы үшін ұсталатынын білген соң өзін өзі атып өлтірген. Ол зайыбы екеуі жетімдер үйінен бес бірдей баланы асырап алғаны анықталды.

Бұл балалар 2002-2009 жылдары туған. Алайда 2022 жылы қамқоршылары бізді тыңдамайды деген желеумен барлығын балалар үйіне қайта өткізіп тастайды. Соның бірі — 16 жасар қыз медициналық тексеруден өткенде әлгіндей келеңсіздік белгілі болған.

Осы жағдайды ескерген облыстық прокуратура былтыр балалар үйлері мен мамандандырылған мекемелерде тәрбиеленіп жатқан, кәмелет жасына толмаған қыз балаларды дәрігерлік тексеруден өткізуге пәрмен берген.

Мұндай медициналық тексерулер Халық денсаулығы кодексінде, Денсаулық сақтау министрлігінің 2020 жылғы арнайы бұйрығында көрсетілген.

— Былтыр қараша айында жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға, сондай-ақ әлеуметтік қызмет көрсететін 10 мемлекеттік мекемеге тексеру жүргізілді. Оның барысында 10 жастан 16 жасқа дейінгі тәрбиеленушілерді (оның ішінде гинекологиялық) медициналық тексеруден өткізуге бастамашылық жасалды. Нәтижесінде қыз балалардың жыныстық тиіспеушілігіне қатысты қылмыстың (Қылмыстық кодекстің 121 және 122-баптары) 8 дерегі анықталып, тіркелді, — деп хабарлады Kazinform тілшісіне Павлодар облысы прокурорының бірінші орынбасары Ержан Дүйсекенов.

Балалар үйлері бойынша аталған тексеру биыл әзірше жүргізілмеген. Бірақ облыс бойынша жалпы жағдайдағы тексерулер тұрақты өткізіліп келеді.

Жыл басынан бергі ресми статистикалық мәліметке сүйенсек, кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігін бұзу деректері бойынша 35 сотқа дейінгі тергеу тіркелген.

— 2024 жылы сәйкес кезеңде мұндай 40 жағдай тіркелген болатын. Яғни, көрсеткіш 12,5%-ға төмендеген. Негізінен мұндай оқиғаларда жәбірленушілердің таныс тұлғалары күдікке ілінеді. Жағдайлардың көбі Павлодар, Ақсу қалаларында, Баянауыл, Аққулы аудандарында болған, — деп толықтырды Ержан Дүйсекенов.

Ал бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл Сәуле Шәкенова кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасында зорлық-зомбылыққа қатысты тіркелген қылмыс саны өсіп келе жатыр деп есептейді. Прокуратура органдарының соңғы есептері соны айғақтайды.

Оның пікірінше, келеңсіз жағдайлар бойынша статистиканың өсуі алдын алу шараларының әлсіздігін білдірмейді. Бұл жерде қоғам арасында көптен жасырылып келген кейбір жайттардың да беті ашылып жатыр.

2024 жылы қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге ондаған түзетулер мен жаңа баптар енгізіліп, кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстар үшін жауапкершілікті қатаңдатылуы да себеп болған.

— Жуықта өңірлік прокуратурада кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алуға арналған ведомствоаралық кеңес өтті. Мен жыныстық қол сұғылмаушылыққа қарсы қылмыстарды тергейтін арнайы жедел-тергеу тобын құру жөнінде ұсыныс жасадым. Мұндай қылмыстық істердің ерекшелігі айқын. Тиісінше бұл тәсілдің жас қыз балаларға қатысты жасалатын қылмыстарды ашу кезінде нәзік жайттарды анықтауға септігі тиеді, — дейді омбудсмен.

Сондай-ақ ол мектеп психологтарының аздығы да көп жағдайда мәселе тудыратынын жеткізді.

Өңірдегі кейбір мектепте 2 мыңнан астам оқушы білім алады, ал штатта 2 психолог қана жұмыс істейді. Мамандар бұған дейін ұсынған норма — 500 оқушыға 1 психолог нормасы әлі күнге нормативті құқықтық актілерге енбеген.

Еске сала кетейік, бұған дейін Павлодарда кәмелет жасына толмаған қызды өгей әкесі зорлап келгенін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар