Былтырғыдай болмайды: Мамандар Ертіс деңгейі не себепті төмендегенін түсіндірді
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Ертіс өзенінің Павлодар облысындағы деңгейі төмендеп, кейбір тұстағы арнасы тарылып қалғаны байқалып отыр. Тұрғындар өзен тартылып қала ма деп қауіптеніп отыр.
Желіде көктемгі су босату шараларынан соң Ертіс өзенінің деңгейі күрт төмендеп кеткені туралы видеолар пайда болды. Видео авторларының айтуынша, бұрын осы уақытта өзеннің кейбір әсем тұстарында су кемеріне келіп, толып тұратын. Алайда биыл арнаның төмен түсіп кеткені, ағысы баяулап қалғаны байқалады.
Тұрғындар бұл жағдай Ертіс өзенінің жайылмаларына теріс әсер етіп, экологиялық қиындықтар туындатып жібере ме деп қауіптенеді. Арнаның азайып кетуі су жануарлары әлеміне, егін шаруашылығына және өзендегі кеме қатынасына айтарлықтай зиянын тигізуі мүмкін.
Kazinform тілшісі өзен суының неліктен азайып бара жатқанын зерделеп көрді.
Су ресурстары комитетінің су ресурстарын пайдалану және қорғау жөніндегі «Ертіс» бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары Елеусіз Қамбаровтың айтуынша, еліміздегі ең ұзын су артериясына төніп тұрған қауіп жоқ. Тек оның арнасы былтырғыдай болмайды.
— Ертіс өзенінің суы көктемгі еритін қар суы мен бүйірлік ағындардың қорына тәуелді. Шүлбі су қоймасы жыл бойы өзенге су жіберіп, арнаның деңгейін ұстап тұрады. Бұл өзеннің экологиялық жағдайын қалыпты ұстауға әрі кемелер навигациясын қолдау үшін аса маңызды. Алайда биыл көктемде Шүлбіге айтарлықтай су келмей жатыр. Көктемде Ертіс өзеніне босатылған судың орнын толтыру үшін бір апта бұрын Шүлбіден шығатын судың жылдамдығын секундына 500 текше метрге дейін азайтуға мәжбүр болдық. Мұндай мөлшер тек 2 тәулік бойы ғана ұсталып тұрды да, норманы қайтадан қалыпты деңгейге — 600-650 текше метрге дейін көтердік. Осы күндері Ертіс өзені бойынша Шүлбіге ең жақын орналасқан Семей қаласында су деңгейі күрт азайып кеткені байқалды. Бірақ бұл жағдай Павлодар облысына аса әсер етпеуі керек деп ойлаймыз. Себебі өзенге жолай құйылатын өзендер бар, — дейді инспекция өкілі.
Оның ақпарынша, Шүлбідегі су деңгейі қазіргі уақытта 238 метрді көрсетіп тұр. Бұған дейінгі жылдары ол деңгей 239-240 метрді құраған, яғни су жетіспеушілігі бар. Өткен қыста Шығыс Қазақстанның таулы жерлеріне ылғал аз түскен. Әдетте мамыр айының соңына таман таудағы еріген қар суының екінші легі Шүлбіге құйылатын. Алайда биыл ондай молшылық байқалмай тұр. Таудағы қарлардың барлығы ерте еріп кеткен. Сондықтан су қоймасының деңгейі одан әрі артатынына сенім аз.
— Павлодар облысында өзен арнасының күрт төмендеп кетуіне әсер ететін факторлар көп. Ең әуелі оған жолай құйылатын сағалары әсер етеді. Мәселен суы мол Шаған өзені осы уақытта арнасына сыймай тасып, құйылып жататын. Өкінішке қарай, биыл оның суы да азайып қалғаны анықталды. Екіншіден, өткен күз бен биылғы көктем мезгілдері құрғақ жағдайда өтті. Жер тойынбаған соң өзен суының көп бөлігін сіңіріп алады. Ал Шүлбіден үнемі беріліп тұратын (секундына 600-650 текше метр) су арнаның деңгейін көтереді деп айта алмаймыз. Себебі ол өзен суын қалыпты деңгейде ұстап тұруға арналған. Шүлбіден су үнемі босатылмаса Ертісте кемелер жүзе алмайды, — деп қосты Елеусіз Қамбаров.
Мамандар Шығыс Қазақстан мен Абай өңірлерінде маусым айы жаңбырлы болатын болса, Шүлбіге жиналатын судың деңгейі артатынын, соған орай Ертіске босатылатын судың көлемі де өсетінін айтады. Сондықтан өзен бойындағы жұрт жаздың мол жауынынан үмітті.
Еске сала кетейік, биыл Ертіс жайылмаларының 80 пайыздан астамын ғана су басты.