12:35, 20 Қаңтар 2009 | GMT +5
Биометриялық төлқұжат - заман талабы ? Б. Әбішев
АСТАНА. Қаңтардың 20-сы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ -Әлемнің алдыңғы қатарлы елдері қолданысқа енгізе бастаған биометриялық мәліметтері бар төлқұжат біртіндеп заман талабына айналып келеді. Замана көшінен қалмас үшін біздің ел де азаматтарымызға қаңтардың 5-інен бастап осындай құжат беруге кірісті. Осы төлқұжаттың жаңалығы мен артықшылықтары туралы ҚР Әділет министрлігі Тіркеу қызметі

және құқықтық көмек көрсету комитетінің төраға міндетін атқарушы Бақыт Әбішев әңгімелейді. - Бақыт Шалқарұлы! Алдымен, электронды ақпарат жеткізгіштері бар төлқұжаттарға жалпы сипаттама беріп өтсеңіз? - Электрондық төлқұжаттарды енгізу жобасы 2006 жылы Үкіметтің «электрондық үкімет» мемлекеттік бағдарламасын қалыптастыру мақсатында қабылданған шешіміне сәйкес әзірлене бастады. Электрондық төлқұжаттар Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) рұқсатымен және соның стандарттарына сәйкес әзірленетіндіктен, аталмыш төлқұжаттарды шығаруға ниет білдірген мемлекет, алдымен, ұйымның Ашық кілттер директориясына мүшелікке өтуі тиіс. Сондықтан біз алдымен, ИКАО-ның барлық талаптарын сақтай отырып, Францияның «Sagem Securite» компаниясының көмегімен электронды паспорттардың тестілік үлгісін жасап шығардық. Одан кейін паспорттар 2008 жылғы қыркүйектің 7-12 күндері Прагада өткен ИКАО-ның халықаралық конференциясының барысында зертханаларында сынақтан өтті. Яғни, шығарған электрондық құжаттарымызды электрондық оқу құралдары ? ридерлердің оқитын-оқымайтыны тексерілді. Осы жылдың желтоқсан айында 2700 дана көлемінде алғашқы электрондық паспорт шығарып, халыққа бердік. Қазақстан осыдан кейін, яғни өткен жылғы желтоқсан айының соңында ИКАО-ның Ашық кілттер директориясының толық мүшесі атанды. Соған орай, үстіміздегі қаңтардың 5-інен бастап биотөлқұжаттарды жаппай шығаруға кірістік. Оның ескі төлқұжаттан ерекшелігі мен артықшылығына тоқталсақ. Биометриялық құжаттың алғашқы бетіне енгізілген, яғни азаматтың аты-жөні, туылған күні мен туған жері, азаматтығы, паспорт нөмірі, құжаттың берілген уақыты мен жарамдық мерзімі, құжат иесінің жеке идентификациялық нөмірі, сандық фотосуреті мен қолы паспорттың соңғы бетіне көзге көрінбейтіндей етіп тігілген чипке орналастырылады. Сонымен қатар ИКАО-ның стандартына сәйкес, чипке биометриялық айқындағыштар - азаматтың сандық (электрондық) суреті, бас бармақ пен сұқ саусақтың із-таңбасы мен көздің тор қабықшасының кескіндемесі енгізілуі мүмкін. Биометриялық айқындағыштар сол елдің заңнамасына сәйкес енгізіледі. Қазақстанда биометрия туралы заңның жоқ болуына байланысты жаңа төлқұжатта электрондық сурет қана енгізілді. Бірақ, келешекте саусақтың із-таңбасы орналастырылатындай бос орын қалдырылды. Мұндай шаралар төлқұжат тексерісін әлдеқайда жаңа сапалы деңгейге көтереді деп сеніммен айтуға болады. Дегенмен, технологияның қазіргі даму үрдісінде электрондық ақпараттарды қолдан жасап алу да еш қиындық туғызбайды. Сондықтан, электрондық чипке, интернет жүйесінде кеңінен қолданылатын - сандық қолтаңба, яғни құжатты берген тұлғаның сандық қолтаңбасы енгізілді. Оның үстіне, құжат тасымалдау барысында жоғалған жағдайда оны арнайы кодсыз оқу мүмкін болмайды. Биометриялық паспорттар құжаттарды қолдан жасаушылардан толығымен қорғалған. Яғни, қылмыскер құжаттың оқылатын алғашқы бетіндегі суретті өзгерткенімен, құжаттың соңғы бетіндегі чипті оқитын электрондық оқу құралдары, яғни ридерлер суреттердің сәйкессіздігін бірден анықтайды. Екіншіден, биометриялық төлқұжаттары бар қазақстандықтар үшін шет елдердің шекаралық өткізу бекеттерінен өту рәсімі жеңілдейтін болады. Сонымен қатар, электрондық құжаттар қысқа уақыт ішінде іздеуде жүрген адамдардың тізімімен салыстыруға мүмкіндік береді. - Азаматтар ескі төлқұжаттарын жаңа электрондық паспорттарға ауыстыруға міндетті ме? Және мұндай «керемет» төлқұжатқа ие болу үшін қанша ақша төлеу керек? - Жоқ, міндетті емес. Жаңа төлқұжаттар қолданыстағы паспорттың заңдылығын жоймайды және олар өзге елдің шекараларын басып өту үшін мерзімі біткенге дейін жарамды болады. Олар құжатты алғаш алатындарға, ескі құжаттарының мерзімі өткендерге, сондай-ақ ескі құжаттарын жаңа нұсқаға ауыстыруға ниет білдірген азаматтарға беріледі. Оның дайындалу мерзімі 2 ай. Жедел дайындалу мерзімі ? 5-15 күн аралығында. Аталмыш төлқұжаттарға микрочип енгізілгендіктен, оның бағасы бұрынғымен салыстырғанда 420 теңгеге қымбаттады, яғни 5092 теңге тұрады. - Қолданыстағы төлқұжаттар осы уақытқа дейін шетелдердің шекаралық өткізу бекеттерінен еш қиындықсыз, еш кедергісіз өтіп келді. Бүтін дүниежүзінде биометриялық құжаттарды жаппай енгізудің қажеттігі неден туындады? - Биометриялық құжаттарды жасап шығару 2001 жылы қыркүйектің 11-інде АҚШ-та болған ірі лаңкестік оқиғадан кейін туындады. Мәлім болғанындай, бұл елге лаңкестер жалған құжаттармен кірген. Бұдан кейін Лаңкестікке қарсы коалицияға мүше елдер заңсыз көші-қоннан бастап, лаңкестерден өз елдерін қауіпсіздіндеру үшін биопаспорттардың бірегей стандартын енгізу жөніндегі келісімге қол қойды. ТМД-ға мүше елдер 2006 жылдың 28 қарашасында адам саудасына қарсы күрес бағытында Бағдарлама қабылдаған. Ол Бағдарламаның 2.14 бөлігіне сәйкес электрондық төлқұжаттар енгізу ұсынылған.Электрондық төлқұжаттардың стандартын жоғарыда атап өткенімдей, Халықаралық азаматтық авиация ұйымы - ИКАО әзірледі. Бүгінде біздің мәліметімізге сәйкес 18 ел осы стандарттарға сәйкес биопаспорттарды шығаруға кірісіп кетсе, тағы 17 ел, оның ішінде Ресей, Украина және Беларус мемлекеттері әзірлік жұмыстарын жүргізу үстінде. Қазақстан мұндай құжаттарды ТМД елдері ішінде алғашқы болып енгізді. Дамыған елдер алдағы екі-үш жылда электрондық құжаттарды қолдануға жаппай көшеді деп күтілуде. Сондықтан, Қазақстан да экономикасы тұрақтанған, бәсекеге қабілетті ел ретінде, көптеген халықаралық ұйымдар мен БҰҰ-ның толық мүшесі ретінде мұндай үдерістерге сақадай-сай дайын болуы тиіс. Өйткені, кез-келген уақытта электрондық паспорттар қандай да бір елдің аумағына кіру үшін қажетті бірден-бір шарт болуы мүмкін. Біз бұған дайынбыз ба, жоқ па, оны бізден ешкім сұрап жатпайды. Бүгінде көптеген озық елдер шекарадан өтуге қатысты жаңа талаптар қойып отыр. Мысалға, Біріккен Араб Әмірлігінің шекаралық өткізу бекеттері елге кіруші әрбір азаматтың көз жанарын арнайы сканерден өткізеді. Сол сияқты Ұлыбритания 2005 жылы елде болған лаңкестік актілерден кейін Қазақстан жұртшылығына елге келу талаптарының өзгергендігі жөнінде ақпарат таратты. Онда бұдан-былай қазақстандық азаматтар Ұлыбританиядағы Елшілікке құжаттарды өткізгеннен кейін, міндетті түрде саусақтарының із-таңбасын қосымша қалдырулары тиістігі айтылды. Ешкім қарсылық білдірген жоқ. Талаптарын орындап жатырмыз. Ал егер жақын мерзімде Ұлыбритания елге кіру тек электрондық төлқұжаттар арқылы ғана жүзеге асырылады деген талап қойса ше?! Бұл жағынан қазақстандықтар ресейліктер мен беларустарға қарағанда еш абыржымауына болады. Әлемдік қаржы дағдарысы кезінде барлық ел мұндай шығындарға бара бермейді. Қазақстан болса, «азаматтардың шетелге шығып, қайтып келуіне мемлекет кедергі жасамауы тиіс» деген конституциялық құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында екі жылдың ішінде электрондық төлқұжаттарды енгізудің жобасын әзірлеп, онымен айналысатын мамандарды қайта оқытып, бүгінде оны тәжірибеде қолданып отыр. - Электрондық төлқұжаттарды оқитын ридерлерді бүгінде қанша ел қолданып отырғаны туралы ақпарат бар ма? Мұндай құралдары жоқ елдерде биотөлқұжаттар қалай танылмақ? - Өткен жылғы Прагадағы конференцияның барысында ИКАО-ға мүше елдердің - АҚШ-тың, Германияның, Англияның, Францияның, Сингапурдың, барлығы жеті мемлекеттің электрондық төлқұжаттарды оқитын құралдарымен таныстық. Қазақстан технологияны орнатуды 2009-2010 жылдың басына жоспарлаған болатын. Ол бағытта жұмыстар жүргізіледі. Ридерлер шетелдік өндірушілерден сатып алынады деп көзделуде. Бұл тек Әділет министрлігінің ғана емес, негізінен шекара қызметінің жұмысы. Ридерлердің көмегімен елге келушілер ғана емес, сырт елге бет алған азаматтар да тексерілетін болады. Мұндай құралдар орнатылмаған елдерде электрондық паспорттардың алғашқы беті ескі паспорттың рөлін атқара береді. Ал ридерлері бар мемлекеттер төлқұжаттың көзге оқылатын алғашқы беті мен көзге көрінбейтін чипі орнатылған соңғы бетінің сәйкестігін тексереді. - Ал енді қаңтардың 14-і күні Мәжіліс депутаты Б.Тілеухан жаңа төлқұжатта азаматтың ұлты жазылатын бағанның жоқ болуына байланысты тиісті қаулыны қайта қарауды сұрап, Үкімет басшысының атына сауал жолдады. Бұл мәселеге қатысты не айта аласыз? - Бұл мәселеге қатысты ұзақ пікір таластыруға болады. Әділет министрлігі жобаны енгізгенде ешкімнің құқығын немесе намысын аяқасты етуді көздеген жоқ. Тағы айтып өтемін, құжаттар ИКАО-ның № 9303 стандартына сәйкес жасалды. Және электрондық төлқұжаттар тек халықаралық жол жүретін құжат ретінде ғана танылады. Яғни, шекара қызметі сырттан келген қонақтың ұлтына емес, оның азаматтығына көңіл аударады. Бізде дүниежүзі елдері паспорттарының үлгісі енгізілген атлас бар. Оның 1- томына енгізілген жүз мемлекеттің тек үшеуінде ғана «ұлт» сөзі енгізілген. Қалған мемлекеттерде, атап айтқанда АҚШ, Англия, Германия, Франция, Польшада және көптеген басқа елдерде ол жазылмайды. ТМД елдерінде тек Өзбекстан және Түрікменстанда ғана ұлты төлқұжатта жазылады. Тіпті көпұлтты Ресейдің ішкі құжатында азаматтың ұлты жазылмайды. Ал Қазақстанның ішкі қарым-қатынасында пайдаланылатын жеке куәліктерде ұлт туралы баған бар. Біз ИКАО-ның стандарттарын бұзып, төлқұжаттың олармен келісілген бетінде өздігімізбен азаматтың ұлтын жазып қойдық делік. Азамат елімізден ұшып шығады-дағы, ат басын тіреген елдің шекара бекетінде оның төлқұжатын электронды оқу құралы оқымай қояды. Солай ол елге қайтып келуші еді. Өйткені, құралдар да аталмыш ұйымның стандарттарына негізделген. Қазақстан бұған дейін ИКАО-ға азаматтық авиация саласы бойынша мүше болып келді. ИКАО-ға мүше болмасақ, біздің ұшақтарымызды бірде-бір халықаралық әуежай қабылдамайтын еді. Республиканың әуекомпаниялары да ИКАО-ның стандарттары бойынша жұмыс атқарып отыр. Біз ұйым бекіткен биометриялық төлқұжаттар стандартына қатысты қандайда бір ұсыныс-пікірлерімізді білдіру үшін, алдымен оның Ашық кілттер директориясының толық мүшелігіне өтуіміз керек болды. Жоғарыда атап өттім, Қазақстан міндетті процедураларды орындады, желтоқсан айының соңында оның толық мүшесі атанды, енді қоғамда туып жатқан сауалдарға байланысты өз ұсыныстарын жеткізе алады. Әділет министрлігі ИКАО-ға үстіміздегі қаңтардың 14-і күні биотөлқұжаттарға «ұлт» бағанын қосымша енгізуді қарастыру жөнінде ресми хат жолдап, оны неғұрлым қысқа уақытта қарастыруды өтінді. Жауап 10 күннен кейін беріледі деп күтілуде. Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуге дайындалуда, елде «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Сондықтан, біз дамыған елдермен ықпалдасуға ынталанып, олар қабылдаған халықарлық стандарттармен санасуымыз қажет. Біз азаматтардың ұлтын, оқу құралдары - ридерлер оқымайтын, паспорттың басқа беттеріне жазып қоя аламыз. Ал электрондық төлқұжаттарды алып қойған 2700 азаматтың құжатына бұл өзгерістер тегін енгізілетін болады. Және ол міндетті талап болмайды. «Ұлт» бағаны оны қалаған азаматтарға ғана енгізіледі. - Әңгімеңізге рахмет! P.S. Кеше, қаңтардың 19-ы күні Үкімет үйінде өткен селекторлық кеңестің қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Әділет министрлігіне жаңадан беріліп жатқан биометриялық төлқұжатта азаматтың ұлтын белгілеуді тапсырды. Кеңестен кейін журналистерге сұхбат берген ҚР Әділет министрі Зағипа Балиева «осы күннен бастап барлық жаңа төлқұжаттарда азаматтардың ұлты жазылатынын, ал бұған дейін берілген төлқұжаттарға азаматтың ұлты қосымша ақы төленбей енгізілетінін» атап көрсетті.