Биоотын өндірісі мен айналымын мемлекеттік реттеуге арналған заң жобасы келісім комиссиясында талқыланады

А. Маусымның 16-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Биоотын өндірісін және айналымын мемлекеттік реттеу туралы» заң жобасына,

Биоотын өндірісі мен айналымын мемлекеттік реттеуге арналған заң жобасы келісім комиссиясында талқыланады

сондай-ақ «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне биоотын өндірісін және айналымын мемлекеттік реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына Парламент Сенаты енгізген өзгерістерді талқылады. Оның нәтижесі бойынша келіспеушіліктерді еңсеру жөніндегі келісім комиссиясын құру туралы шешім қабылданды.

Аталмыш құжат биоотын өндірісі кезінде мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, атмосфераға ластаушы заттардың шығарылу деңгейін азайту жолымен қоршаған ортаны қорғауға бағытталған. Сонымен қатар заң жобасы биоотын өндірісін дамыту саласында ғылыми зерттеулер жүргізуді қолдауға және биоотын өндірісі саласына жаңа технологиялар енгізуді көздейді. Бұған қоса заң жобасы Үкіметке биоотын өндірісі бойынша өндірістік қуаттардың шекті көлемін айқындауға мүмкіндік беретін нормаларды енгізеді. Құжат қабылданған жағдайда ол әлеуметтік және экономикалық салаға кері әсерін тигізбейді және биоотын өндірісі кезінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттеп, отын ресурстарының экологиялық таза көздерін ұтымды пайдалану үшін қажетті құқықтық, экономикалық, ұйымдастырушылық жағдайлар жасайды.

Айта кету керек, екінші заң жобасында Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске әкімшілік жаза шараларын қолдану және биоотын өндірісі жөніндегі әрекетті тоқтату бөлігіне, «Этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірілуін және айналымын мемлекеттік реттеу туралы» заңға, осы заңның биоотынға әрекетінің ара-жігін ажырату бөлігіне өзгерістер енгізіледі. Сонымен қатар, «Мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін өндіру және олардың айналымын мемлекеттік реттеу туралы» қолданыстағы заңға биоотын мен мұнай өнімдерін өндірушілерге мұнай өнімдерін биоотынмен компаундирлеу жөніндегі қызметпен айналысуға құқық беру бөлігіне түзету енгізіліп отыр.

Сенаторлар Мәжіліс мақұлдаған заң жобасына өзгерістер енгізіп, құжатты қайтарған болатын. Ал Мәжіліс депутаттары жоғары палата ұсынған түзетулерді қарап шығып, бірқатар позиция бойынша өз ұстанымдарында қалатын болды. Сондықтан да, келіспеушіліктерді еңсеру жөніндегі келісім комиссиясын құру туралы шешім қабылданып, оның құрамына палата депутаттары сайланды.