«Бір қайыры бар дүние» оқырманға жол тартты

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің дипломаты, Қазақстан Жастар одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты, халықаралық Жамбыл сыйлығының иегері Мәлік Отарбаевтың «Бір қайыры бар дүние» атты эсселер жинағы жарық көрді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

«Бір қайыры бар дүние» оқырманға жол тартты

Бұған дейін «Ойқазан» атты ой-толғамдары жарық көрген автор кезекті туындысын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Астананың 20 жылдық мерейтойына орай тарту етіп отыр. Жаңа жинақтың таныстырылымы Алматыдағы Ұлттық кітапханада өтті.

Тұсаукесер барысында Мәлік Отарбаев:
«- Кезінде Шерхан Мұртаза атамыздан «Бір кем дүние» кітабының атын «неге олай қойдыңыз?» деп сұраған едім. Ол кісі «Алла-тағаланың 99 аты бар. Таспих моншақтары - 99. Неге 100 емес? Бірі кем болып тұрған тәрізді. Міне, осы ойдан туындады» деген еді. Өз кітабымды «Бір қайыры бар дүние» деп атап Шерхан атамызбен жарысқалы отырған жоқпын. Өмірде қандай қиыншылық кездессе де, қандай жақсы адамдармен жүздессек те әр дүниенің түбінде бір қайыры болатынын айтқым келді. Қазақта ақылы дария даналардың, қазыналы қариялардың жастарға ақ батасын беретін жақсы дәстүрі бар. Көздеген мұратым - тек қана кітап шығару емес, шығармашылық ізденісімді жұртшылық талқысына ұсынып, көпті көрген ақсақалдардың ақ батасын алу еді», - деп атап өтті.
Көрнекті ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рафаэль Ниязбек «Бүгінгі таңда адамның жан-дүниесіне шырақ жағатын мұндай рухани маңызы терең кітаптар ауадай қажет. Оқырманға жол тартқан бұл кітапта өмірдің әр түрлі көрінісі мен боямасыз болмысы бейнеленген. Жинақтағы бір-бірімен жарасымды жалғасып, бір-бірін толықтырып отыратын әңгімелер мен эсселердің жас ұрпаққа беретін тағылымы терең» деді.

Ал, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Темірхан Медетбек «Мәлік Отарбаевтың әдебиетте өз орны, өзіндік үні бар. Ең басты қасиеті - түрік тілін өте жақсы меңгергені. Қазақ ақын-жазушыларын түрік тіліне аударып, түрік қаламгерлерін қазақ оқырмандарына танытып жүрген еңбегі бір төбе. Екі елдің жақындасуына үлкен ықпал етіп жүрген мұндай жастар өте сирек» деген пікірімен бөлісті.
null

Мемлекет және қоғам қайраткері Шәмша Беркімбаева «Мәліктің кітабы әрбір жайттан ұлтымыздың философиялық ұстанымдарына сай келетін ой түйіп отыруымен ерекшеленеді. Қазақ халқының даналық мектебін жалғастыратын жастар бар екеніне көз жеткізеді», - дейді.
Жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Нұрғали Ораз: «Қазір елімізде баспа да көп, шығып жатқан кітап та көп. Кітап арқылы елге өзін танытқысы келетін авторлар да көп. Шындығын айту керек, өкінішке қарай оқырманның көңілінен шығып жатқан кітаптар аз. Адамның жан-дүниесіне рухани азық болатын сирек кездесетін кітаптарды көргенде, аспан ашылып, күн жарқырап шыққандай көңіліңіз бір ерекше күйге бөленеді. Міне, осындай керемет кітап оқырманға жол тартып отыр. Мәлік Отарбаев ойын ашық айтатын, шындықты айтатын, бүкпесіз сырласатын жазушы. Біз оқырман ретінде бұл кітаптағы эсселер мен шағын әңгіме­лерді ең алғаш республикалық мерзімді басылымдардан оқып, таныстық. Осы әңгімелердің жаңалығына, ой айту ерекшелігіне, шығыс пен батыс мәдениетін жетік меңгерген автордың ой түйіндеуіне бір ерекше ықыласпен қарап қуанып қалдық. Жазушының жаңалыққа толы кітапты жарыққа шығарып, бізге тарту еткені үлкен қуаныш», - деді.
Мәлік Отарбаевтың қазақ және түрік тілінде жазған әңгімелері мен эсселері әзербайжан, орыс және қырғыз тіліне аударылған.
Жазушы Сүйінбай Аронұлы, Ш.Мұртаза, Н.Оразалин, Р.Отарбаев, Т.Медетбек, Р.Ниязбек, Е.Жақыпбектің шығармаларын түрік тіліне аударған. Сондай-ақ, Юнус Эмре, Решат Нұри Гүнтекин, Халдун Танер және басқа да түрік ақын-жазушыларын қазақ тілінде сөйлеткен. 25 қазақ қаламгерінің әңгімесі мен О.Сүлейменовтің түркі тілдеріндегі өлеңдер жинағын құрастырған.  
nullnullnullnull