Бір отар қойымен бірге өртеніп кеткен шопанға қатысты тергеу жүргізілуде

Бұл туралы Қостанай облысы ІІД жедел кезекшісі Ерболат Құсайынов хабарлады.
«Қаза тапқан шопан - Оралбаев Секебай Әбдібекұлы, 1961 жылы туған. Шопанның өлімі фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ажал құшқанда қойшы жалғыз болған және отар қой «Айдос» шаруа қожалығына тиесілі болған. Өрт салдарынан 1664 бас қойдың 1406-сы қырылған», - деді ол.
Өз кезегінде Қостанай облысы төтенше жағдайлар департаменті өрт себебінің әзірге белгісіз екенін хабарлады.
«Айдос» шаруа қожалығының шопаны Аралбай ауылынан 30 шақырым және Албарбөгет ауылдық округінің Көкалат ауылынан 35 шақырым жерде орналасқан «Күздiкқарасу» жерінде қой жайып жүрген және бұл жайылымдар «Айдос» ШҚ жерінен жырақта, мемлекеттік жер қорының меншігінде болғандықтан, оқиға туралы ешкім естімеген. Жангелді ауданының ІІБ қызметкерлері өрт себебін анықтап жатыр», - деп хабарлады департамент.
Қостанай облысы ТЖД мемлекеттік тіл және ақпарат тобының бас маманы Уәлихан Дусановтың айтуынша, куәгерлердің болмауынан өрт себебін анықтау қиынға соғып жатыр.
«Әзірге адами немесе техногенді фактор деп айтуға ерте. Өрт елді мекеннен жырақта, адам жүрмейтін жерде болған», - деді ол.
Еске сала кетсек, Қостанай облысында 1500 бас қой шопанымен бірге өртеніп кеткен. Алдын ала болжам бойынша, тілсіз жау найзағайдың түсуінен тұтануы мүмкін.