«Бірде-бір заң мемлекеттік тілде жазылған жоқ» - республикалық басылымдарға шолу

***
Жегенін жеп және жемтігіне ілінгенінің бәрін елден асырған экс-банкир мен оның сыбайластарының салған сойқанының салдары сұмдық. Алайда, кезінде БТА Банктен шығарылған активтерді қашып барған елінде сатуға тырысқан Әбіләзовтің жолы болмады. Әлемнің қай түкпірінде жүрсе де адам үшін, алдымен, тазалық, адалдық, әділдік пен адамгершілік құндылықтары жоғары тұратынын кез келген елдің заңы көрсетіп берді. Бұл жағынан алғанда, ата-бабамыз «ұрлық түбі - қорлық» деп баяғыда айтып қойған. Мұны Әбіләзов өз ісімен дәлелдеп берді. Енді Лондон соты оны 22 айға бас бостандығынан айырды. Сөйтіп, сонау Тұманды Альбион жағалауы да қазақстандық қашқын олигархтың ниеті шын мәнінде бұзық екенін аңғарды. Сонымен қашқын олигархтың елімізде жасаған қылмыстары жайында егжей-тегжейлі ақпарат алғыңыз келсе, «Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік санындағы «Сыбайластар сойқанының салдары» деген тақырыптағы мақалаға көз жүгіртіңіз.
Кеше елорда жұртшылығы Бейбітшілік және келісім сарайында өткен «2012-Астана - түркі әлемінің мәдени астанасы жылы» рәсімін тамашалады. Бұл шара бүкіл түркі дүниесінен 220-ға тарта адам қатысқан айтулы жоба ретінде есте қалды. Алыс-жақын аймақтан келген 150-ден аса өнерпаз сахна төрінде достық пен туыстық шеруіне қатысып, ұлттық нақыштағы алуан бояу жарасымды өрнек төкті. Осы орайда «Егемен Қазақстан» газеті елорданы түркі әлемінің мәдени астанасы ету барысында осы жылы қандай шаралар өтеді, жас астанамыздың өсіп-өркендеуіне мұның тигізер пайдасы қандай деген сұрақтарға ТҮРКСОЙ-дың Бас хатшысы Дүйсен Қасейіновтің әңгімесінен жауап іздеген. Сұхбат «Түркі әлемі түгел бол» деген тақырыппен берілген.
***
«Тәуелсіздігінің 20 жылдығын тойлаған Қазақстанда бірде-бір заң қазақ тілінде жазылған жоқ! Мұны кеше Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында өткен «Қазақстандағы мемлекеттік қызмет: тілдердің даму мәселелері» атты дөңгелек үстелде Мәжіліс депутаты Оразгүл Асанғазы айтты. Ащы да болса, ақиқат», - деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Бірде-бір заң мемлекеттік тілде жазылған жоқ» деген тақырыптағы мақаласында. Парламентке келген министрлер депутаттар қазақша сұрақ қойып жатса, еш қымсынбастан орысша жауап бере беретінін сынға алған депутат: «Кешіріңіз де демейді, ал біздің Әкімшілік кодекстің 81-бабы бойынша, қазақ тілінде сөйлеген адамға орысша жауап берген адамға айыппұл салынады. Енді біз оларды сотқа беріп отырған жоқпыз ғой. Ар соты жетіспей тұр. Қысқасы, тіл қажеттілікке айналмаған жағдайда, он дөңгелек үстел өткізсеңіз де, одан пайда жоқ», - дейді.
Алты қырдың астынан Олимпиада ойындарының дүбірі естілді. Үстіміздегі жылдың шілде айында Лондонда алауы тұтанатын ғаламдық додаға Қазақстанның да спортшылары қатысады. Республикамыздағы талай спорт түрінің өкілдері ұлы дүрмекте шеберлік байқасуға бел буғанымен, жүзден жүйріктер бас қосқан жарыста «медаль алады-ау» дегендері санаулы ғана. Солардың бірі және бірегейі - грек-рим мен еркін күрес шеберлері. Тұманды Альбион елінде белдесетін балуандардың қайсысы жүлде алуы мүмкін? Осы сауал төңірегінде ой өрбіткен «Айқын» газетінің мақаласы «Балуандар бабында болса Олимпиадада алтынның сыңғырын естиміз» деген тақырыппен берілген.
***
«Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Президенттің көмекшісі - Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Марат Тәжинді қабылдады», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Басылымның атап өтуінше, кездесу барысында ұлттық қауіпсіздік саласындағы бірқатар мәселелер талқыланды. М.Тәжин Президентті осы бағыттағы негізгі міндеттерді іске асыру жөнінде қабылданған шаралар туралы, сондай-ақ Қауіпсіздік Кеңесінің 2012 жылға арналған жұмысын перспективалық жоспарлау жайлы хабардар етті.