БІРІМЖАНОВ АХМЕТ ҚОРҒАНБЕКҰЛЫ

Орынбор ерлер гимназиясын күміс медальмен, Қазан университетінің заң факультетін алтын медальмен бітірген. Университетті бітірген соң Орынбор округтік сотының кандидаты, Торғай облысының бітімші соты қызметін атқарған.
1899 жылдан Троицк округтік, Ақтөбе, Торғай, Бұзылық уездік соттарында қызмет істеген. Халық ортасында әділдігімен көрінген қайраткер Торғай облысынан 1906-1907 жылдары Ресейдің І және ІІ Мемлекеттік Думаларына депутат болып сайланған. Думада ол мұсылман фракциясының белсенді мүшесі болған. Фракция төрағасының орынбасары қызметін атқарған ол ұлт аймақтары мен қазақ халқының мүддесін қорғаған. І Думаның мәжілісінде қазақ депутаттарын аграрлық комиссияға енгізу туралы мәселе қойған. 1906 жылы Қазақ даласына заңсыз орналасушылар мен олардың орынсыз басып алынған жерлері туралы бір топ қайраткерлермен бірге Министрлер кеңесіне сұрау салады. ІІ Думада қазақтың жеріне байланысты нақты мәселе көтеріп, мұсылман фракциясының қатысуымен аграрлық заң жобасын даярлауға қатысқан.
1917 жылы көктемнен бастап, Уақытша үкіметтің Торғай уездік комиссары, кейіннен Уақытша үкіметтің Қостанай уездік комиссары болып тағайындалған. 1917 жылы 2-8 сәуір аралығында Орынбор қаласында өткен қазақтардың бірінші Торғай облыстық съезінің делегаты, сол жылы 20-25 маусым аралығында Ақтөбе қаласында өткен қазақтардың съезіне делегат болып сайланған. 21-26 шілде аралығында Орынборда өткен бірінші жалпықазақ съезінде Торғай облысы қазақтарының атынан Бүкілресейлік құрылтайға депутат болып сайланған. Екінші жалпықазақ съезінде А.Бірімжанов Алашорда үкіметі - Ұлт Кеңесінің құрамына сайланған. Сол жылғы желтоқсанда ол «Алаш» партиясының Торғай облыстық комитеті 14 мүшесінің бірі болған. Алашорда үкіметі мүшелерінің Уфада өткен кеңесіне қатысып, Алашорда әділет министрі болған.
1918-1926 жылдары Семейдің заң кеңесшісі, Орынбор мен Қызылорда қалалары Қазақ АКСР-і Ішкі істер, Заң халық комитеттерінің, Жоғарғы Сот Төралқасының кеңесшісі, алқа мүшесі, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған.
А.Бірімжанов 1927 жылы Ленинградта (Санкт-Петербор) қайтыс болып, Волков зиратына жерленген.
Дерек көзі:
Қазақстан ұлттық энциклопедиясы 2 том