Бірінші сыныпқа барып, Елбасы кітабын алу - үлкен бақыт - Е.Нығмет, БҚО (ФОТО)

Оның айтуынша, әдемі безендірілген, Қазақстан туралы аталған кітап балдырғандарды кішкентай кезінен кең байтақ Отанын сүйіп өсуге тәрбиелейді. Мұндай кітап арқылы бала өз елін, оның табиғаты мен тарихын танып-біле түседі. Бұл олар үшін естен кетпейтін ерекше сыйлық болды.
Е.Нығметтің сөзін Рахымжан Кененбайдың әкесі Ерғали қажы Кененбайұлы, Мәдина Қабирдің анасы Жаннат Қайыржанқызы, Сұлтан Асылбектің әжесі, Жаңақала ауданынан келген Рая Шалабаева да қостады. «Немереміздің Елбасы сыйлығын алып, мектеп табалдырығын аттауы жақсы ырым деп білемін. Болашақта оқуда озат, еңбекте қатарының алды болады деп сенемін», деді Р.Шалабаева.
Айта кетейік, 90 жылдан астам тарихы бар, мемлекет және қоғам қайраткері, ақын Сәкен Сейфуллин іргесін қалаған аталмыш мектепте биыл бірінші үш сыныпқа 92 бүлдіршін барды. Оларға Меруерт Ишанова, Роза Мүтенова, Ұлболсын Құрмашева сынды тәжірибелі ұстаздар сабақ береді.